АҚШ-та азық-түліктен бастап тұрғын үйге дейін қымбаттап жатыр. Өткен айда жылдық инфляция көлемі 4,2 пайызға өсті.
Бұл кейінгі 3 жылдағы жоғары көрсеткіш. Әрине алпауыт экономика дәл осыған қарап қалған жоқ. Әлеуетін де жоғалтпайды. Дегенмен қарапайым халықтың тұрмысы не болып жатыр?
Қазір АҚШ-та күнделікті тұрмысқа қажеттінің бәрі қымбат. Бұл қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіргені соншалық, тұрғындардың дені баланың жөргегіне дейін үнемдеуге көшкен. Дүкен сөрелерінен жеңілдік іздеп, тиын-тебенін есептейтіндер көп. АҚШ Еңбек министрлігінің дерегіне сүйенсек, бензин бағасы өткен жылмен салыстырғанда 40,5%-ға қымбаттаған. Қызанақ 32%-ға, ал кофе – 17,5%-ға өскен. Орташа табысты америкалық отбасы жылына шамамен 82 мың доллар табыс тапқанымен, бағаның өсуі олардың нақты сатып алу қабілетін жылына 2500-3500 долларға дейін азайтып отыр. Яғни экономика ресми түрде өскенменен, тұрғындар керек-жарағын алаңсыз сатып ала алмайтынын айтады.
АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеме өзгерген жоқ
Инфляция жоғарылаған кезде, Федералдық резерв баға тұрақтылығын реттеп отырады. Қазір базалық пайыздық мөлшерлеме шамамен 4,25-4,50 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бұл кейінгі жылдардағы инфляциямен күрестің негізгі тетігі болып келді. Президент Трамп бірнеше рет мөлшерлемелерді төмендетуді ұсынды. Ақ үй басшысының пайымдауынша, арзан несие бизнестің инвестициялық белсенділігін арттырып, тұрғын үй нарығын жандандырады және экономикалық өсімді күшейтеді. Алайда Федералдық резервтің ұстанымы бөлек. Егер мөлшерлемелер тым ерте төмендетілсе, инфляция қайта күшеюі мүмкін. Сондықтан орталық банк әзірге сақтық танытып отыр. Бұл жерде мәселе тек инфляциямен шектелмейді. АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шамамен 40 триллион долларға жақындады. Ал бюджет тапшылығы жылына 2 триллион доллардан асты. Яғни Федералдық резервтің шешімі тек инфляцияға ғана емес, мемлекеттік қаржы тұрақтылығына да әсер етеді.
Д.Трамп инфляция бәсеңдейді деп сендірді
«Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін өсіп жатқан бағалар төмендейді». Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында осылай деп уәде еткен. Ақ үй басшысы кейінгі көрсеткіштерге көңілі толатынын айтып, инфляцияның бұдан да жоғары болмағанына риза екенін мәлімдеді. Егер инфляция төмендемесе, Ақ үй тарифтік саясат үшін сынға ұшырайды. Экономикалық өсім баяуласа, пайыздық мөлшерлемелердің жоғары деңгейі талқыға түсетін болады дейді, сарапшылар. Сондықтан қазір Трамптың негізгі қарсыласы белгілі бір саяси күш емес, экономиканың өзіндегі инфляциялық қысым болып отыр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Маған бұл ұнайды. Көрсеткіштер керемет болады. Өйткені соғыс жүріп жатқанына қарамастан, сандар болжағаннан әлдеқайда төмен. Ал соғыстан кейін, тіпті соғыс басталғанға дейінгі деңгейден де төмен болады.
АҚШ-тағы инфляция экономикалық құбылыстан гөрі саяси мәселеге айналып барады. Өйткені халық үшін үшін қор нарығының көрсеткіштерінен гөрі жанармай бекетіндегі баға мен азық-түлік дүкеніндегі баға маңыздырақ.
Тегтер #АҚШ #азық түлік бағасы #инфляцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz