RU
Толық нұсқаға өту

Эбола безгегі бүкіл дүние жүзіне таралуы мүмкін бе?

17.06.2026, 08:01 71

Эбола Конго халқының дегбірін қашырып тұр.

Қауіптісі індет көрші-көлем ғана емес, бүкіл әлемге таралуы ықтимал. Өйткені тоқтайтын түрі көрінбейді. Конгоға саяхаттап барған италиялық 1 азамат пен Бразилияның 2 тұрғыны да дерт жұқтырды.

Індет осылай тарала берсе, пандемия жариялануы мүмкін бе? Алаңдауға негіз бар ма, жоқ па?

Эбола індетінің алғашқы белгілері басқа ауруларға ұқсас. Ал қара құрлыққа туристер көп барады. Бұл қауіпті вирустың дүниенің бір бұрышынан екінші бұрышына тез таралу қаупін арттырады, дейді дәрігерлер. Қазір Конгода инфекцияның Бундибуджио деп аталатын штамы өршіп тұр. Мамандар осы уақытқа дейін қатерлі дертті жұқтырған әр үшінші науқас көз жұмғанын айтады.

Пол Гриффин, Квинсленд университетінің профессоры:

- Конгода зертханалық жабдықтар жетіспейді. Сондықтан науқасқа диагноз қою жағы қиын болып тұр. Бұл вирустың тез таралып, өлім-жітімнің көбеюіне әкеледі.

Эболаның бірнеше штамы бар. Ал қатерлі вирус алғаш рет 1976 жылы анықталған. Содан бері ғалымдар тек "Заир" деп аталатын штамға қарсы екпе ойлап тапты. Өкініштісі сол, вакцина қазіргі өршіп тұрған вирусқа қарсы көмектеспейді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің емін табуға күш салып келеді. Қазір 3 бірдей вакцина сынақтан өтіп  жатқаны белгілі. 

Ричард Хэтчетт, эпидемияға дайындық инновациялары коалициясының бас директоры:

- Коронавирус пандемиясы кезінде ғалымдар вакцинаны небәрі 2 айда әзірлеуге болатынын көрсетті. Әрине клиникалық сынақ барысында түрлі қиындық туындауы мүмкін. Десе де, бұл жолы да нәтижеге тез қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Екпені әзірлеуге 60 млн доллар жұмсалады. Қомақты қаржыны Эпидемияға дайындық инновациялары коалициясы бөледі. Бұл қор коронавирусқа қарсы вакциналарды жасауға атсалысқан. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конгодағы эпидемиологиялық бақылауды күшейтті. Мамандар індеттің таралуын тоқтатудың ең тиімді жолы науқастарды ерте анықтау дейді. Ал ол үшін медициналық қызмет қолжетімді болуы тиіс. 

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz