«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады».
Ғалымдар әр көктің, әр ағаштың қоршаған ортаға оттегі бөлетін қасиетінен бөлек ыстықтың да бетін қайтаратынын анықтады. Яғни әр түптің өз атқаратын қызметі бар. Бұл әсіресе қазіргідей климат дағдарысында қажет. Әр ағаш ыстыққа қарсы тұрар жауынгер іспетті.
Ал жер бетінде орман сиреген сайын ғаламдық жылу да өзін еркін сезіне түспек.
Ағаш егу де бір ілім. Кейінгі жылдары әлем көгалдандыру мен тал егуге көптеп көңіл бөле бастады. Мұның пайдасы тек қоршаған ортаны қорғау ғана емес екен. ғалымдар тағы бір қажеттігін анықтады. Ол аптап ыстықпен күрес. Өсімдік пен ағаштың ауа температурасына әсерін зерттеу үшін мамандар әртүрлі климаттық жағдайдағы үш жерде қоңыржай Мельбурнда, салыстырмалы түрде салқын Мюнхенде және ылғалды субтропиктік Гонконгта зерттеу жүргізген. Нәтижесінде көшеде өсіп тұрған ағаштар температураны 18°C-тан астам төмендеткенін анықтаған.
Мұхаммед Рахман, ғалым:
- Қалаларды көгалдандырудың әмбебап формуласы жоқ. Бір өңірде жақсы нәтиже берген тәсіл басқа өңірде мүлдем басқаша әсер етуі мүмкін. Гонконгта өсімдіктер транспирация арқылы ауаға су буын бөледі, бұл құрғақ климатта салқындатуға көмектеседі. Бірақ ылғалдығы жоғары қалаларда адам өзін жайсыз сезінуі мүмкін.
Ғимараттар мен асфальт күндіз күн энергиясын сіңіріп, оны баяу түрде әсіресе түнде ауаға қайта бөледі. Сондықтан көгалдандыруды мұқият жоспарлау маңызды. Қазір тұрғын үй кешендеріне жауапты мамандар бұған мұқият қарайды.
Лю, тұрғын:
- Пәтер алмас бұрын тек құрылыс жобасымен ғана танысатын едік. Енді тұрғын үй кешнінің көгалдандырылғанын, ландшафттық дизайнын және сапалы әрлеу жұмыстарын да көзімізбен көріп отырмыз. Біз үшін аулада көктің көп болғаны маңызды.
Биыл жаз шықпай жатып әлем елдерінің біразын аптап ыстық жайлады. Ми қайнатар аптаптан бөлек, құрғақ жел мен көктемгі жауын-шашынның аз түсуі су тапшылығын күшейткен. Кейінгі аптада Англия тұрғындарының бір тәулікте тұтынған су көлемі нормадан 100 милилитрге артты. Испанияда ауа температурасы 40 градусқа жетіп, жан шыдатпас ыстықтан 36 адам көз жұмды. Осылайша әдетте қоңырсалқын, күн райы жайлы келетін кәрі құрлық елдерінен де маза қашты.
Мелисса Сибрук, климаттанушы ғалым:
- Алдағы бес жылда әлем бойынша орташа температура қалыпты деңгейден жоғары болады деп болжап отырмыз. Бұл үдеріс әсіресе Солтүстік жарты шарда және құрлық аумақтарында айқын байқалады. Келесі бес жылда аптап ыстық орнауының ықтималдығы 91 пайызға тең. Бұл нақты, ғылыми деректер. Мәселенің күрмеуі қиындамай тұрғанда шұғыл әрі тиімді шаралар қабылдауымыз керек.
Қорыта айтқанда, жасыл желек адамзат үшін ыстықта сая болар қорғаныш немесе сәндік үшін ғана қажет емес екен. Тал, өсімдік атаулы климатты қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін де қажет. Әйтпесе жер ылғалын тез жоғалтып, құрғақшылық қаупі арта бермек.
Нұрбике Жігер
Тегтер #ағаш егу #климат өзгерісі #оттегі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz