Америкалық ғалымдар ми сигналдарын мәтін мен сөзге айналдыратын нейроинтерфейсті сәтті сынақтан өткізді, деп хабарлайды «24KZ».
DW басылымының мәліметінше, Дэвистегі Калифорния университетіндегі Николас Кард бастаған зерттеушілер тобы ми сигналдарын шифрлап, оларды мәтін мен сөзге аударуға мүмкіндік беретін жүйе жасады.
Тәжірибеге бүйірлік амиотрофиялық склерозға (ALS) шалдыққан 45 жастағы ер адам қатысқан. Оның миына орнатылған арнайы электродтар ой сигналдарын компьютерге жеткізіп, оларды мәтін мен сөзге айналдыруға мүмкіндік берген.
Құрылғының көмегімен науқас туыстарымен және дәрігерлермен еркін сөйлесіп, компьютерді басқарып, интернетті пайдаланған. Зерттеу барысында ол 183 мыңнан астам сөйлем құрап, жүйенің жоғары дәлдігін дәлелдеген.
Зерттеушілердің мәліметінше, науқас технологияны 19 айдан астам уақыт бойы пайдаланған. Жүйе күніне орта есеппен 9,5 сағат жұмыс істеген. Қарым-қатынас жылдамдығы минутына 56 сөзге дейін жеткен. Науқастың бағалауынша, компьютер арқылы құрылған сөйлемдердің кемінде 92 пайызы толық немесе ішінара дұрыс болған.
Ғалымдардың айтуынша, бұл технология болашақта сөйлеу және қозғалу қабілетін жоғалтқан адамдарға қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қайтарып, олардың өмір сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін.
Тегтер #миды оқу #нейроинтерфейс #сынақ #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz