RU
Толық нұсқаға өту

Джорджия Мелони қызын ресми сапарға ертіп сынға қалды

18.06.2026, 10:00 61

Италия Премьер-министрі Джорджия Мелони Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өткен G7 саммитіне 9 жасар қызы Джиневраны ала келді. Журналистер алдына шыққан сәтте кішкентай қыз анасының тасасына тығылып, қаумалаған камераларға  қарамауға тырысқан, деп хабарлайды «24KZ».

Кадрлардан Мелонидің қызы үнемі анасының артында жүруге тырысып, камера объективтеріне түспеудің амалын жасағаны байқалады. Бір сәтте премьер-министрге қызының қолынан ұстап, саясаткерлердің бірімен амандасу үшін алға шығаруға тура келді.

 

Джиневра Джамбруно 2016 жылдың қыркүйегінде дүниеге келген. Оның әкесі - италиялық журналист әрі тележүргізуші Андреа Джамбруно. Джорджия Мелони жолдасының әйелдерге қатысты сексистік мәлімдемелерінен туындаған жанжалдан кейін, 2023 жылы онымен ажырасып кеткен. Содан бері саясаткер қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келеді.

 

Жоғары лауазымды қызметіне қарамастан, Мелони Джиневраны шетелдік сапарларына жиі апарады. Бұған дейін бүлдіршін анасымен бірге Балидегі G20 саммитіне және Қытайға жасалған ресми сапарға да барған болатын.

 

Италия премьер-министрінің халықаралық сапарларға қызын ертіп жүруі осыған дейін де бірнеше рет сынға қалған еді. Әсіресе, 2022 жылы Мелони сол кезде 6 жаста болған Джиневраны Индонезиядағы G20 саммитіне апарғанда қоғамда үлкен пікірталас туды.

 

Сол тұста желі қолданушылары мен сарапшылардың бір бөлігі мұндай ауқымды іс-шараларға баланың баруы орынсыз деп санады. Тіпті италиялық баспасөзде жарияланған мақалалардың бірінде премьер-министр саммит өтетін бірнеше күнді қызысыз өткізіп, тек жұмысқа ғана назар аударуы керек деген пікір айтылды.

 

Мелони бұл сынға шұғыл әрі кесіп жауап берді. Ол өз баласын қалай тәрбиелеу керектігін өзі ғана шешуге құқылы екенін мәлімдеді.

 

Мен өз қалауымша ана болуға құқылымын. Сондай-ақ Джиневраны ана махаббатынан айырмай-ақ, осы ұлт үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға хақым бар, -  деп кесіп айтты саясаткер.

 

Мелонидің бұл ұстанымын Италияның бірқатар саясаткерлері мен БАҚ өкілдері де қолдады. Олар ана бақыты мен бала тәрбиесі әйелдердің жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруына ешқандай кедергі болмауы тиіс екенін алға тартты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz