RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллект медицинаға дендеп еніп жатыр

18.06.2026, 15:40 42

Әлемде жасанды интеллект медицина саласына дендеп еніп жатыр.

Алғаш рет нейрожеліге негізделген вакцина жасалды. Сонымен қатар алгоритмдер тері обырының алдын алуға көмектеседі.

Әлемде алғаш рет жасанды интеллектіге негізделген вакцина жасалды. Зерттеушілер жаңа екпе көптеген вирустан сақтап, келешектегі індеттердің алдын алуға көмектеседі дейді. Олардың арасында "Ковид" те бар. Кембридж университетінің ғалымдары "Бұл вакцина жасанды интеллектінің көмегімен толық әзірленіп, сосын 39 адамға сыналды" деп мәлімдеді. Мамандар қазірдің өзінде тұмау және Эболаға қарсы жекелеген екпелер жасап үлгірген. Олар қазіргі барлық індеттердің генетикалық заттарын алып, бұл мәліметтерді жасанды интеллектінің сараптамасынан өткізді. Осылайша вирустардың ортақ әрі өзгермейтін тұстары анықталған. Нәтижесінде нейрожелі бірегей антиген әзірлеп шыққан.

ЦИТАТА: Джонатан Хини, Кембридж Университетінің профессоры 

"Қазір жаңа вирус шыққаннан кейін ғана оған қарсы екпе ойлап табады. Болашақта қандай жұқпалы ауру пайда болуы мүмкін деп отырмаймыз.  Бүкіл вирусқа қарсы көмектесетін әмбебап вакцина әзірлеуді мақсат тұтып отырмыз."

Енді екінші кезеңге дайындық жүріп жатыр. Оған 200-ге жуық ерікті қатысады деп отыр.   

Тері обырының алдын алуға ЖИ көмектеседі

Тері обырының алдын алуға жасанды интеллект көмектеседі. Швецияның Гётеборг университетінің ғалымдары 6 млн науқастың денсаулығына қатысты мәліметтерді жинап талдаған. Жасы, жынысы, аурудың белгілері, тіпті қабылдаған дәрілерін саралап, арнайы алгоритм ойлап тапты. Осылайша жасанды зерде жүйесі арқылы тері обырына шалдығу қаупін 5 жыл бұрын болжауға болады. 

ЦИТАТА: Мартин Гиллстедт, Гётеборг университетінің докторанты

"Біздің зерттеу денсаулық сақтау жүйесіндегі бұрынғы деректердің көмегімен меланома қаупі жоғары науқастарды алдын ала анықтауға болатынын көрсетті. Жаңа технология медициналық мекемелерде қолданысқа әзірге енгізілген жоқ. Бірақ бұл мәселе көп ұзамай шешіледі деп ойлаймын."

Ғалымдар зерттеуде 2005 пен 2014 жылдар аралығында сау адам мен тері обырына шалдыққандардың мәліметтерін қолданған. Таңқаларлығы сол, жасанды интеллект уақыт өте келе кімге қатерлі ісік диагнозы қойылғанын дәл тапқан. Зерттеушілердің айтуынша, диагностиканың дәлдігі – 73 пайыз.

ЦИТАТА: Сэм Полези, ғылыми зерттеу жобасының жетекшісі

"Қауіп тобына кіретін адамдарды анықтау дәрігерлерге оларды уақытында тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл скринингті нақты жоспарлап, денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады."

Еуроодақта тері обырына шалдыққандар көрсеткіші – 4 пайыз. Бұл алаңдатарлық жағдай. Ал дерттің ерте анықталуы нәтижелі емге себеп. Бұл арада жасанды интеллектінің көмегі зор, - дейді ғалымдар. 

Ернат Қашқынов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz