Ұлыбританиялық ғалымдар деменция, яғни ұмытшақтық дертіне шалдыққан науқастарға арналған ақылды көзілдірік жасады.
Құрылғы жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді. Яғни науқастың күнделікті жүріс-тұрысын жеңілдетуге көмектеседі, дейді зерттеушілер.
Альцгеймер ауруына шалдыққан Кэрол Грейг қазір айтқанын қазір ұмытып, қойған затын таба алмай әлекке түсіп, көп қиналатын еді. Ал ақылды көзілдірік оған не істеу керегін уақытылы есіне салып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Кэрол Грейг, Лондон тұрғыны:
- Заманауи технологиялар өмірімізді жеңілдетеді. Кей нәрсені ұмытып қалсақ та күнделікті тұрмыста іс-әрекетімізді басқаруға көмектеседі.
Ақыл-есінен айырылып, алжыған науқастың өз бетінше әрекет ету мүмкіндігі шектеледі. Ал ақылды көзілдірік айналасындағы заттарға қатысты бүкіл ақпаратты береді. Мәселен, шәйнектің “ыстық”, мұны ұстауға болмайтынын ескертеді. Мамандардың айтуына қарағанда, тың технология тек көмекші құрал ғана емес, мидың жұмысын жақсартуға әсер етеді. Зерттеу кезінде көзілдірікті таққан науқастардың қоршаған ортаны тану қабілеті екі есе артқанын көрсетті.
Лесли Прайс, Лондон тұрғыны:
- Кейде таңертең тіс жууды немесе қырынуды ұмытып кетемін. Сондықтан мұндай ескертулер мен үшін өте пайдалы.
Қазірдің өзінде инвесторлар жобаға 1,5 миллион доллар қаржы құйды. Ғалымдар ақылды көзілдірікті алдағы екі жылда жаппай қолданысқа енгізуге ниетті. Бастапқы бағасы 1300 долларға бағаланып отыр.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #ұмытшақтық #медицина #ақылды жүйе #көзілдірік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz