RU
Толық нұсқаға өту

Ормуз бұғазы әлемдік нарықты алаңдатты

18.06.2026, 19:51 41

АҚШ Иранмен меморандумға қол қойғаннан кейін әлемде мұнай бағасы шамамен 2 пайызға арзандады.

Брент ((Brent)) маркалы мұнай барреліне 77 доллар, ал америкалық WTI фьючерсінің бағасы 75 долларға дейін түсті. Десе де, инвесторлар басты назарды жағдай қалай өрбитініне аударып отыр. Ормуз бұғазы ашылғаннан кейін мұнай тасымалы қашан қалпына келеді? Сарапшылар не дейді? 

Ормуз бұғазының ашылуы Азия нарығын шектен тыс мұнайға толтыруы мүмкін. Блумберг басылымының дерегі бойынша қазір Парсы шығанағында мұнай тиеген 31 танкер қаңтарылып тұр. Ал бұл кемелер жолға шықса, Үндістанға небәрі 1 аптада, ал Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне 3 аптада жетеді. Яғни алдағы уақытта нарыққа қосымша 62 млн баррель мұнай шығады деген сөз. Осы уақытқа дейін Ормуздың "қақпасы" ашылар-ашылмасы белгісіз еді. Сондықтан Азияның біраз елі қоймаларын қара алтынға толтырып қойған. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегі бойынша биыл мұнайға сұраныс тәулігіне 102 млн баррельге дейін қысқаруы мүмкін.

Мұхаммед Әл-Биши, AL-EQTISADIAH бас редакторы:

- Мұнай нарығындағы жағдай тез оңала қоймас. Қара алтын өндірісі мен тасымал тек жылдың аяғына қарай қалпына келуі мүмкін. Өйткені мұнай өндірісі қажет кезде қосып, көбейгенде тоқтата салатын сала емес. Бұған уақыт қажет. Аймақтағы саяси жағдай жақсарған күннің өзінде бірден қалпына келе қояды деп ойламаймын.

Ал Иран танкерлерді алдағы 2 айда тегін өткізгенімен 60 күннен кейін ақы аламыз деп отыр. Яғни Тегеран әлемдік мұнай тасымалының күретамырын әлі өзі бақылауына алғысы келеді. Ал бұл мәселе Парсы шығанағы елдерінің алаңдаушылығын тудырды. Сондықтан Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі мұнай тасымалдайтын қосымша құбырлар салуға кірісті. 

ЦИТАТА: 

Тани Әл Зейуди, БАӘ сауда министрі

Ормуз бұғазы қайта ашылғанымен, тек осы бағытқа ғана сеніп отыруға болмайды. Кейінгі жағдай энергетикалық қауіпсіздік үшін балама жолдардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан БАӘ жаңа энергетикалық стратегиясын дамытуды жалғастырады. 

Ал АҚШ-тың ең ірі коммерциялық қоймасында небәрі 20 млн баррель мұнай қалды. Сондай-ақ стратегиялық қоры да сарқылып барады. Кейінгі дерек бойынша 340 млн баррельге дейін азайған. Бұл 1983 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Иран Ормуз бұғазын жапқаннан кейін күніне 14 млн баррель мұнай тасымалы тоқтап қалған еді. Жанармай бағасының қымбаттауын тежеу үшін АҚШ қордан 172 миллион баррель мұнайды нарыққа шығарды.

Брайс Бортон, Огайо штатының тұрғыны:

- Жанармай қымбаттаған соң азық түлік бағасы ырыққа көнбей барады, әрине. АҚШ-тағы инфляцияға Ирандағы соғыс қатты әсер етті. Бірақ, жалпы біздің экономиканың жағдайы бұрыннан жақсы емес. Қымбатшылық Байденнің кезінде басталған. 

Goldman Sachs сарапшылар су жолын ашқанның өзінде мұнай тасымалының тек 70 пайызы қалпына келеді деп топшылайды. Өйткені Таяу Шығыста 80-нен аса мұнай нысаны бар. Соның үштен бірі соғыстың кесірінен бүлінген. Ал  Пентагонның дерегі бойынша бұғазды минадан тазалау үшін бірнеше ай қажет. Яғни өткелдің сенімді транзит ретіндегі ролі енді бұрынғыдай болмасы анық, дейді сарапшылар.   

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz