Африка біздің ғаламшардағы ең жылдам ысып жатқан құрлыққа айналды. Температура әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары.
Бұл туралы Дүниежүзілік метеорология ұйымының мамандары ескертті. Аптап ыстыққа ұрынған аймақ тұрғындары қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр.
Солтүстік Африкада кейінгі 10 жылда орташа температура 0,4 градусқа көтерілді. Ғаламдық жылыну басталғалы климат жиі өзгеретін болды. Жыл сайын құрбандар саны артып, экономикалық шығын өсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы мәліметі бойынша, Африкада табиғи апаттардан былтыр 3 мың тұрғын көз жұмып, 13 миллион адам жапа шеккен.
Харсен Ньямбе, Африкалық одақтың тұрақты мәселелер бойынша директоры:
- Климаттың өзгеруі жай ғана қауіп емес, бұл біздің экономикамызға, қоғам мен экожүйеге тікелей әсер ететін терең дағдарыс. Қазір экстремалды табиғи құбылыстар еселеп артып отыр.
Бәрінен де ауыл шаруашылығы қатты зардап шегіп жатыр. Шаруалардың жыл сайынғы шығыны 48 миллиард доллардан асады. Ал 2050 жылға қарай Африканың негізгі дәнді дақылдарының өнім беруі 22 пайызға қысқарады деген болжам бар. Мұхиттың бетін жылытатын Эль-Ниньо құбылысы күшейіп барады. Ол жауын-шашын, су тасқыны мен құрғақшылық тудырады.
Теодор Кипинг, Лондонның патшалық колледждің климаттанушы-ғалымы:
- Эль-Ниньо 2023-2024 жылы жылдың жылы мезгілімен қатар келді. Мұндай сәйкестік тарихта бұрын болып көрмеген еді. Кейінгі жылдары қуаңшылық, тасқын және орман өрті сияқты табиғи апаттар өте көбейіп кетті.
Ғалымдар табиғи апаттар туралы алдын ала ескертетін заманауи жүйелердің ауадай қажет екенін айтады. Мұндай құрылғылар қазір Африка елдерінің 40 пайызында ғана бар. Сондықтан шұғыл шара қолдану қажет.
Авторы: Ернат Рахметолла
Тегтер #Африка #ыстық #температура
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz