RU
Толық нұсқаға өту

Төрткүл дүниеге Эль-Ниньо ағысы қайта қауіп төндіріп тұр

22.06.2026, 07:30 34

Эль-Ниньо құбылысы қайта күшейеді. Мұны ғалымдар ескертті. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамына сәйкес бұл ауа ағысы биыл жазда қалыптасады, сосын 2028 жылға дейін белсенді болмақ. Мұның арты ыстық күшейіп, құрғақшылық, су тасқыны сияқты табиғи апаттар жиілеуі мүмкін.

Төрткүл дүниеге Эль-Ниньо ағысы қайта қауіп төндіріп тұр. Әсіресе теңізге жақын орналасқан елдерге әсері көп болуы мүмкін. Тынық мұхитында қалыптасатын табиғи құбылыс бір өңірлерде су тасқынын күшейтсе, енді бір аймақтарға құрғақшылық әкеледі. Себебі Эль-Ниньо жаһандық температураның көтерілуін жеделдетіп, күн райын өзгертеді. Оның салдары азық-түлік өндірісіне де әсер етіп, әлем экономикасына миллиардтаған шығын келтіруі ықтимал.  

Селеста Сауло, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы:

- Қазіргі деректер Эль-Ниньо ағысы Тынық мұхиттың тропикалық бөлігінде қалыптаса бастағанын көрсетіп отыр. Мамандардың болжауынша, ол  маусымнан тамызға дейін толық қалыптасуы мүмкін.

Әдетте Эль-Ниньо Тынық мұхиттың экваторлық бөлігінде судың қалыптан тыс жылынуынан туындайды. Бұл құбылыс бірнеше жыл сайын қайталанып отырады. Оның әсері әлемнің көптеген өңірінде сезіледі. Нәтижесінде әлемнің әр аймағындағы ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, табиғи маусымдардың қалыпты ырғағы өзгереді.

Теодор Кипинг, климатолог:

- Климат өте жылдам өзгеріп жатыр. Эль-Ниньо құбылысының бұл өзгерістерге қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Бірақ анығы, жаһандық жылыну күшейген сайын табиғи апаттар жиілей береді. Мұндай үрдіс климаттық өзгерістер тоқтамайынша сақталады.

Эль-Ниньоның жойқын әсері бұған дейін де байқалған. Әсіресе 2023-2024 жылдары қатты сезілді. Сол кезде Бразилияда алапат су тасқындары жүріп, Үндістан, Индонезия және Африканың бірқатар елін құрғақшылық жайлады. Салдарынан әлемдік азық-түлік бағасы қымбаттап, табиғи апаттардан келген экономикалық шығын 100 миллиард доллардан асты.

Том Дилиберто, климатолог:

- Эль-Ниньо ең алдымен тропикалық аймақтарға көп әсер етеді. Бұл құбылыс Индонезия мен Тынық мұхитының батыс бөлігінде құрғақшылықты күшейтеді. Ұқсас жағдай Оңтүстік Африка мен Оңтүстік Американың солтүстігінде де байқалады. Ал АҚШ-тың оңтүстігі мен Мексикада, керісінше, нөсер жауындар жиілеп, су тасқыны қаупі артады.

Сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Алдағы бес жылда Жер шарында жаңа температуралық рекордтар тіркелуі мүмкін. Мамандар 2027 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болады деп болжайды.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz