Жастар ғана емес, ересек буын өкілдері де тілімізді меңгеруге ден қойып отыр. Қазақ тілін үйренуге құштар жандарға Абай институты арнайы оқыту курсын өткізеді. Игі шара Анкарада осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың дені - қазақ мәдениетімен тереңірек танысқысы келетін түрік азаматтары.
Тунжай Қара -Анкара қаласының тұрғыны . Жасы елуге таяса да, жаңа тіл үйренуге құштар. Оның қазақ тіліне деген қызығушылығы қызмет бабымен Қазақстанға сапарлағаннан кейін оянған. Әуелі қазақ достарымен араласып, тілді өз бетінше меңгерсе, қазір арнайы курсқа қатысып жүр. «Ендігі мақсатым – қазақ тілін жетік біліп, Қазақстанда жұмыс істеу», - дейді.
Тунжай Қара, тіл үйренуші:
- Біздің ата-бабаларымыз бір болғаннан кейін, өмірді ойлауымыз бірдей, өмір философиямыз бірдей. Мен оны қарадым. Сол себептен қазақ салтын тағы да үйренгім келеді. Алматы қаласының тіл дамыту мекемесі бар. Сол мекеменің барлық мультфильмін көргенде таңғалдым. Түркияда да солай болса, бәрі жақсы болар еді.
Ал Исмайыл Явуз қазақ тілі курсына үш айдан бері қатысып жүр. Сабаққа үнемі қалыңдығымен бірге келеді. Оның айтуынша, қазақ мәдениетімен бала кезінен таныс. Алайда қазақ тілін кәсіби деңгейде үйренуге мүмкіндік енді туған.
Исмайыл Явуз Ерсөз, тіл үйренуші:
- Қазақтар білесіз, олармен бір тарихтан, бір атадан келеміз. Мен олардан өзімді басқаша көрмеймін. Мен үшін қазақ тілін үйрену өз тілімді үйренудей. Менің қалыңдығым да қазақша үйренеді. Ол да мендей ойлайды. Ол үшін де Қазақстан қызықты. Ол қазақ әндерін көп сүйеді, көп тыңдайды. Маған еліктейді.
Мамандардың айтуынша, Анкарада қазақ тіліне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы курсқа оннан астам адам қатысса, бүгінде тыңдаушылар саны 30-ға жуықтаған. Сабақ барысында Абай институты мен Түркиядағы ғалымдардың бірлесіп әзірлеген А1, А2 және В1 деңгейлеріне арналған оқулықтар пайдаланылады.
Салтанат Ұзақбайқызы, Абай институтының Анкара қаласындағы әдіскері:
- Түркияның 19 университетінде қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінде қазақ тілі пән ретінде оқтылыдаы бір семестр бойы. Сол университеттерден әсіресе, осы Анкарадағы Хажеттепе, Қажы Байрам, Анкара университетінің студенттері осы пәннен кейін әрі қарай жалғастыру үшін А2, В1 дәрежесінде біздің курсымызға келіп қатысады. Бізде жас ерекшелігі өздеріңіз байқағандай, 50 жастан асқан тіл үйренішеліріміз бар, жас студенттер бар. Өткен жылы мысалы, біз 7-12 жастағы балаларға ұйымдастырғанбыз.
Анкарадағы жоба осымен үшінші жыл қатарынан үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, қазақ тілі Ыстамбұл қаласында да оқытылады. Қазір он оқу тобы қазақ тілін офлайн форматта меңгеруде. Мамандар мұндай бастама қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуына жол ашып, халықтар арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтуға ықпал етеді дейді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #Түркия #қазақ тілі #қызығушылықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz