RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ пен Иран келіссөзі қайта жанданды

23.06.2026, 10:33 51

АҚШ пен Иранның екі жақты келіссөздері қайта жанданды.

Швейцариядағы кездесуден кейін АҚШ вице-президенті Джэй Ди Вэнс Тегеран Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекторларын елге кіргізуге келіскенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл Иранның ядролық бағдарламасын қайта халықаралық бақылауға алудағы маңызды қадам. Сонымен қатар тараптар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалының қауіпсіздігін талқылады. Вэнс әзірге түпкілікті келісімге келмегенін, бірақ келіссөз жалғасатынын айтты. 

Джэй Ди Вэнс, АҚШ вице-президенті:

- Біз Ормуз бұғазының ашық қалуын қамтамасыз ететін тетік құрдық. Соның арқасында нарыққа шамамен 15 миллион баррель мұнай шығып, жанармай бағасы төмендей бастады. Сондай-ақ өңірдегі бітімді бақылау механизмін іске қостық. Техникалық келіссөздер жалғасып жатыр. 

Сондай-ақ Вашингтон Иранның бұғатталған активтерін әскери емес, тек халық игілігіне жұмсау тетігін қарастыруды ұсынып отыр. Катар елі бұл істе қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Ақ үй бұл қаражаттың бір бөлігі американдық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға жұмсалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда Вашингтон Иран активтерін толық босату мәселесі келіссөздердің нәтижесіне байланысты болады дейді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біздің қолға алып жатқан шаралардың бірі бұғаттан босатылатын ирандық қаржыны азық-түлік сатуға пайдалану. Ол тек АҚШ-тан сатып алынады. Яғни жүгері, соя және Иранға қажет басқа да өнімдер тікелей американдық шаруалардан алынады. Сондықтан біздің фермерлер бұл шешімді қуана қабылдады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz