RU
Толық нұсқаға өту

ДДСҰ: Жол апатына адам өзі себепші

24.06.2026, 09:00 41

Адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 1950 жылдары әлем бойынша 46-47 жас қана еді. Бұл – БҰҰ дерегі. Кейін заман, тұрмыс түзеле келе 2019 жылы 72-73 ке жетті. Сол себепті жер бетінде адам саны да ұлғайып келеді. 

Бірақ дүние өлім-жітімсіз емес. Ауру-сырқау, соғысты былай қойғанда жол апаты көбейді. Әлемде әр 24 секунд сайын көлік соғылады, аударылады. Содан жылына 1 миллион 190 мың адам көз жұмады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда жол апатынан 50 миллион адам тірі қалса да, ауыр жарақат салдарынан өмір бойына мүгедек болып қалған.

Жол апаттары неге көбейді? Оған кінәлі кім?

Жол апаты әлемде өлім-жітімге себеп жағдайлардың ішінде 8-ші орында. Жаһандық деңгейде жол-көлік оқиғаларынан опат болатын адам саны жұқпалы аурудан қайтыс болатындардан көп. Сорақысы, жолдағы қайғылы оқиғалардың 94 пайызы адамдардың абайсыздығынан болады. Мәселен, 2008-2012 жылдардағы зерттеу бойынша, Қытайда болған 5519 жол-көлік оқиғасының 95 пайызына адам әрекеті себеп болған. Дәлірек айтқанда, жүргізушінің шаршауынан болған апаттар барлық ірі жол-көлік оқиғаларының шамамен 40 пайызын қамтиды. Ал қайғылы апаттардың 5 пайызы жауын-шашын, тұман, қатты жел сынды күн райының қолайсыздығымен байланысты.  

Тәуекел факторларына жылдамдықты шамадан тыс асыру, мас күйінде немесе психоактивті заттардың әсерімен көлік жүргізу, мотоцикл жүргізушілерінің қорғаныс дулығасын кимеуі, қауіпсіздік белдігін және балаларға арналған арнайы ұстап тұру құрылғыларын пайдаланбауы, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану, жол инфрақұрылымының қауіпсіз болмауы, техникалық ақауы бар көліктер, апаттан кейінгі медициналық көмектің жеткіліксіздігі және жол қозғалысы ережелерінің тиісті деңгейде сақталмауы жатады.

Ал қауіпсіздік белдігін тағу жолаушылар арасындағы өлім қаупін 50%-ға дейін азайтады. Бұл зерттелген, дәлелденген жайт. Сосын балаларға арналған арнайы қауіпсіздік құрылғыларын пайдалану нәрестелер арасындағы өлім-жітімді 71%-ға дейін төмендетеді. 

Жүргізушісіз көліктер апатқа жиі ұшырайды

Жолдағы келеңсіз оқиғалар, адамның ғана кінәсі емес. Технологияның дамуы себепті қазір нарықта жүргізушісіз көліктер пайда болды. Мұндай техника әсіресе АҚШ-та көп. Бірер күн бұрын Техас штатында Tesla Model 3 көлігін мінген, 76 жастағы әйел көз жұмды. Жол апатына нақты не себеп болғаны әлі белгісіз. Жалпы АҚШ Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының дерегі бойынша, 2024-2025 жылдар аралығында мұндай 6450 жол оқиғасы тіркеліп, 69 жағдай өліммен аяқталған. 3 мыңнан аса адам ауыр жарақат алған. 

Жол-көлік оқиғасы көбейді 

Жол апаты кезінде көбіне кінәлі жүргізушілер емес, көлденең адамдар зардап шегеді. Жазатайым жан тапсыратындардың 30 пайызы – жолаушы, 23 пайызы – жаяу жүргінші, 21 пайызы – мотоциклдегілер, 6 пайызы – велосипед, ал 3 пайызы электрскутер мінгендер.

АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық басқармасының есебіне сәйкес, 2017 жылы АҚШ-та жол-көлік оқиғаларынан болған барлық өлімдердің 16%-ы жаяу жүргіншілерге тиесілі. Бұл 2009 жылғы 12%-бен салыстырғанда жоғары. Ал мотоцикл жүргізушілерінің үлесі 14%. 2016 жылмен салыстырғанда  көрсеткіштер 28 есе жоғары. «Мотоцикл апаттарының шамамен 80%-ы ауыр жарақатқа немесе өлімге әкеледі», - дейді мамандар.

Иә, жолдағы сақтық алдымен жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты. Өйткені бір ғана қателіктің арты ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz