Геосаяси өзгерістер еуроның халықаралық ролін күшейтуге жаңа мүмкіндік ашты.
Мұндай қорытынды Еуропалық орталық банктің жыл сайынғы баяндамасында айтылған. Ұйым сарапшыларының пікірінше, геосаяси өзгерістер аясында еуропалық валютаға деген қызығушылық біртіндеп артып келеді. Еуроның доллармен шынайы бәсекеге түсу мүмкіндігі қандай?
Бүгінде әлемнің көптеген елдері бір ғана резервтік валютаға тәуелділікті азайтуға ұмтылып отыр. Ал геосаяси тұрақсыздық инвесторларды жаңа қаржылық бағдар іздеуге мәжбүрлеуде. Осындай жағдайда Еуропалық орталық банктің соңғы баяндамасында еуро үшін «мүмкіндіктер терезесі» ашылғаны айтылған. Қазір еуроның үлесіне әлемдік валюта резервтерінің шамамен 20 пайызы тиесілі болса, доллардың үлесі шамамен 57 пайызды құрайды.
Бүгінде еуроның әлемдік қаржы жүйесіндегі ықпалын күшейтуге мүмкіндік бар. Алайда бұл үшін еуропалық саясаткерлер нақты қадамдарға барып, қажетті жағдай жасауы тиіс. Ол үшін еуроның халықаралық әлеуетіне негіз болатын үш басты тіректі – экономикалық тұрақтылықты, құқықтық және институционалдық жүйенің сенімділігін, сондай-ақ Еуропаның геосаяси ықпалын нығайту қажет.
Еуроның халықаралық ролінің күшейіп келе жатқанын бірнеше үрдіс дәлелдейді. Былтыр бұл валютамен шығарылған халықаралық облигациялардың көлемі тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті. Сонымен қатар алғаш рет «жасыл» және тұрақты облигациялар нарығында долларды басып озып, жетекші валютаға айналды.
Жаныбек Айғазин, AERC зерттеу орталығының директоры, экономист:
- АҚШ-тың қазіргі әкімшілігінің болжап болмайтын саясаты әлемдік экономикаға кез келген сәтте жаңа күйзеліс әкелуі мүмкін. Мұның мысалын өткен жылдың сәуірінде көрдік. Мұндай белгісіздік инвесторларға да, әлем елдеріне де сенім ұялата қоймайды. Ал Еуропалық орталық банктің болжамды ақша-несие саясаты мен Еуропаның сауда саясаты керісінше сенімді күшейтіп келеді. Валюта бағамы белгілі бір өңір экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта еуроның үлесі резервтік валюта ретінде де, халықаралық саудадағы есеп айырысу құралы ретінде де арта береді деп ойлаймын.
Осындай жағдайға байланысты Еуропада экономиканы доллардан біртіндеп тәуелсіз ету мәселесі жиі айтыла бастады. Ол үшін еуродағы қаржы активтерінің көлемін ұлғайтып, өз төлем инфрақұрылымын дамыту маңызды, дейді сарапшылар.
Людовик Сюбран, ALLIANZ GROUP компаниясының инвестиция жөніндегі директоры:
- Еуромен номинацияланған активтердің көлемін ұлғайту қажет. Егер Еуропалық комиссия қорғанысқа қаржы бөлсе, оны еуромен төлегені дұрыс. Сол сияқты Үндістанмен және басқа серіктестермен жасалатын сауда келісімдеріндегі есеп айырысулар да автоматты түрде доллармен жүргізілмеуі тиіс.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Әлемдік валюта мәртебесі үшін бәсеке енді цифрлық кеңістікке де ауысып жатыр. Бұл бағытта доллар криптовалюталар мен жаңа төлем технологиялары арқылы өз ықпалын күшейтіп келеді. Сондықтан Еуропаның тағы бір маңызды бағыты – цифрлық еуроны енгізу. Қазір бұл жоба инфрақұрылымды әзірлеу, заңнаманы келісу және техникалық сынақтар кезеңінде тұр.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #еуро #валюта #инфляция #Еуроодақ #геосаяси #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz