RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде доллардың үлесі азаяды

24.06.2026, 19:26 54

Алдағы 5 жылда әлемдегі доллардың үлесі едәуір азаяды.

Бұл Бүкіләлемдік алтын кеңесінің болжамы. Сарапшылар Орталық банктер мұның орнына алтын қорын көбейтеді деп топшылайды. Қаржыгерлердің мұндай болжам жасауына не себеп?

Биыл көк қағаздың құны беки түсті. Жыл басынан бері АҚШ валютасы 1,7 пайызға нығайды. Бұған мұнай бағасының қымбаттауы себеп. Алайда Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені көтермесе, алдағы уақытта доллардың одан әрі қымбаттауына басқа себеп жоқ, дейді сарапшылар.

ЦИТАТА:

Майкл Болл, Bloomberg стратегі

Егер АҚШ Орталық банкінің басшысы Кевин Уорш қатаң ақша-несие саясатын қолдайтынын дәлелдегісі келсе, тек сөзбен шектелмей, пайыздық мөлшерлемені өсіруі тиіс. Сонда инвесторлар Құрама Штаттар активтеріне көп ақша құйып, доллар бағамы одан әрі беки түсуі мүмкін.

Қазір Президент Трамптың тұсында АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясаты тұрақсыз. Қарызы да шаш етектен. Кейінгі дерек бойынша Құрама Штаттардың берешегі 39 тлрн доллардан асады. Егер мұхиттың арғы жағында қаржылық дағдарыс бастала қалса, жаһандық экономикаға әсері зор болмақ. Осындай кезеңде қордағы алтын көп түйткілдің түйінін тарқатуы мүмкін. Әсіресе сол елдің ұлттық валютасына тірек болары сөзсіз. Сондықтан әлемдегі Орталық Банктер бағалы металл қорын ұлғайтуға кіріскен. Мәселен, 2024 жылы алтынның халықаралық резервтегі көлемі 20 пайыз болса, былтыр бұл көрсеткіш 27 пайызға дейін өсті. Ал АҚШ облигацияларының үлесі керісінше 26-дан 22 пайызға дейін қысқарған.

ЦИТАТА:

Митул Котеча, BARCLAYS банкінің Азиядағы валюталық және дамушы нарықтар бойынша макростратегия жетекшісі

АҚШ сауда-саттықта және санкция салуда өзінің қаржылық үстемдігін асыра пайдаланады. Яғни долларды қысым тетігі ретінде қолданады. Сондықтан кейінгі кезде көп ел долларға тәуелділіктен арылуға күш салып жатыр.

Иә, қазір жаһандық сауда, шикізат бағасы, қарыз - бәрі АҚШ валютасы арқылы жүргізіледі. Алайда бүкіләлемдік алтын кеңесі жүргізген сауалнама Орталық банктердің 45 пайызы сенімді актив ретінде доллардың емес, алтынның үлесін ұлғайтуға ниетті екенін көрсетті. Сондықтан алдағы 5 жылда халықаралық резервтегі доллардың көлемі едәуір азаяды деген болжам бар. Ал кей сарапшылар болашақта әлемде тек АҚШ валютасы үстемдік етпейді. Бірнеше валюта қатар жүреді. Яғни дүние жүзінде көп валюталы жүйе құрылады деп топшылайды. 

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz