Алдағы айда Анкарада НАТО саммиті өтеді. Түркия астанасы альянсқа мүше 32 елдің мемлекет және үкімет басшыларын қабылдауға дайындалып жатыр.
Түрік бұқаралық ақпарат құралдарында жиынға әзірлік жұмыстарына шамамен 11,5 миллиард лира жұмсалғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұған қатысты ресми мемлекеттік орган әзірге нақты есеп жариялаған жоқ.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкарада НАТО саммитіне дайындық қызу. Әуежайдан бастап жиын өтетін нысандарға дейінгі жолдар түгел жаңартылып жатыр. Ауқымды іс-шараға одаққа мүше елдердің көбасшыларынан бөлек мыңдаған шетелдік қонақ пен әлемдік БАҚ өкілдері қатысады.
Биылғы саммит жаһандық геосаяси ахуал күрделі кезеңде өткелі отыр. Жиында Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Таяу Шығыстағы шиеленіс, НАТО-ның жаңа қорғаныс стратегиясы, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект технологиялары тақырыбы талқыланбақ.
Эрман Акыллы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Бұл саммит ерекше кезеңде өткелі отыр. Әлемдік қауіпсіздік жүйесі үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Жасанды интеллект, озық технологиялар мен жаңа жаһандық сын-қатерлер халықаралық қатынастарды түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан Анкарада өтетін бұл саммиттен кейін халықаралық саясаттың жаңа кезеңі басталады деп айтуға болады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия бұған дейін де НАТО-ның маңызды жиындарын қабылдаған. 2004 жылы ауқымды басқосу Ыстамбұлда өтті. Алайда сарапшылар қазіргі геосаяси жағдайдың сол кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі екенін алға тартып отыр. Сондықтан Анкарадағы алаң диалогты күшейтіп, бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік береді деген үміт зор.
Ал саммит аптасында қаланың қалыпты тіршілігі айтарлықтай өзгергелі тұр. Анкараның 9 ауданында мемлекеттік қызметкерлер әкімшілік демалысқа жіберіледі. Шаһарда қоғамдық іс-шаралар өткізіп, шеру мен наразылық акцияларын ұйымдастыруға тыйым салынады.
Эрман Акыллы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Мұндай халықаралық іс-шаралар мемлекет имиджі үшін маңызды. Сондықтан қалада жүргізілген абаттандыру және жаңарту жұмыстары өте орынды. Егер жасалған инфрақұрылым халыққа ұзақ жылдар қызмет етсе, онда бұл шығынды инвестиция ретінде бағалауға болады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Саммит кезінде Анкарада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. 40 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылады. Дегенмен саммитті ұйымдастыруға жұмсалатын шығын Түркияның халықаралық беделі мен экономикасына нақты пайда әкеле ме, жоқ әлде қоғам талқылап жатқандай, тым қымбат жиынға айнала ма? Бұған жауап алдағы күндердің еншісінде.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #НАТО #саммит #АнкараPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz