НАТО құрамындағы елдер қорғаныс қаржысын ұлғайтты. Ал АҚШ Еуропадағы әскерін әкетудің қамына кірісті.
Қазір АҚШ-тың ұйымдағы міндетін қайта қарайтын «НАТО 3.0» тұжырымдамасы қызу талқыланып жатыр. Пентагон басшысы Пит Хегсет бұл арада «АҚШ Еуропаның қауіпсіздігін күзетіп отырмайды» деп мәлімдеді.
Не де болса, Ормуз бұғазындағы жағдай біраз мәселені шешіп берді. Дональд Трамптың осы үшін НАТО-дағы одақтастарына өкпесі қара қазандай. Енді ол АҚШ-тың басындағы жағдайды өзгелер де сезінсін дейді. Сөйтіп, бұлардың да күш-қуатын байқағысы келеді. Басты талап – қорғаныс шығындарына әр ел жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын жұмсауға тиіс.
Алдағы 10 жылда НАТО-ға мүше елдер өздерінің жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын қорғанысқа жұмсауға тиіс. Былтыр небары 2 пайызын жұмсау жөніндегі меже орындалды. Atlantic Council ұйымының қорғаныс шығындары туралы жүргізген есебіне сәйкес Люксембург бір жыл ішінде ең жоғары пайыздық өсім көрсетті.
Қорғаныс шығындарын 115 пайызға ұлғайтқан. Бельгия, Словения, Албания, Дания, Норвегия және Литва сияқты елдер бұл бағыттағы қадамдарын едәуір күшейткен. Алайда Вашингтон үшін бұл жеткіліксіз. АҚШ жалпы қорғаныс шығындары бойынша көш бастап тұрғанымен, шығындардың пайыздық өсімі бойынша небары 1 пайыз көрсеткішпен ең соңғы орында тұр. Сарапшылардың пікірінше, Ақ үй Еуропадағы әскери жүктемені азайтып, ресурстарын басқа стратегиялық бағыттарға бағыттағысы келеді. Әсіресе Қытаймен бәсекелестік күшейген кезеңде АҚШ үшін Азия-Тынық мұхиты аймағы басымдыққа айналып барады.
Пит Хегсет, АҚШ Қорғаныс министрі:
- Болашақта біздің НАТО-ға жыл сайынғы жарналарымыз басқа елдердің қорғаныс шығындары бойынша белгіленген көрсеткіштерді орындауына байланысты болады. Егер өзге одақтастар қорғанысқа қажетті қаражатты жеткілікті деңгейде және жедел түрде бөлмесе, біздің жарналарымыз қысқарады. НАТО екіжақты жауапкершілік қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл – қарапайым ақылға қонымды ұстаным. Америка Еуропаның қорғанысы үшін өз одақтастарынан артық қамқорлық жасап немесе одан да көп қаржы төлей алмайды.
АҚШ-тың қорғаныс шығындары 2020 жылғы ЖІӨ-нің 3,6%-ынан былтыр 3,2%-ға дейін төмендеді. Ал Канада мен Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2020 жылы 1,7%-болса, 2025 жылы 2,3%-ға дейін өсті. Өткен жылы, Ұлыбритания қорғанысқа ЖІӨ-нің 2,3%-ын жұмсап, НАТО елдері арасында 14-орынға табан тіреді. Бұған қарамастан, АҚШ алпауыт держава ретінде НАТО-ның басты демеушісі болып қала береді. Былтыр АҚШ-тың қорғаныс шығындары 980 миллиард АҚШ долларына бағаланды. Бұл – Альянстың әскери бюджетінің 62%-ы.
НАТО Бас хатшысы ақ үйге барды
НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте Вашингтонға арнайы барып, АҚШ президенті Дональд Трамптың алдында Альянс туралы презентация өткізді. Ол Еуропа елдері тарапынан шамамен 1 триллион доллар көлемінде әскери тапсырыстар берілетінін айтып, Трампты сендіруге тырысты. Ақ үйде өткен кездесуде Рютте Трампқа және журналистерге сандар толы кестені таныстырды. Рюттенің мәлімдеуінше, Дональд Трамп билікке келгелі қорғанысқа салынған қосымша инвестициялардың жалпы көлемі 1,2 триллион долларға жеткен. Сондай-ақ ол еуропалық одақтастардың америкалық қорғаныс компанияларына жүздеген миллиард долларлық тапсырыстар беріп жатқанын, соның арқасында АҚШ-та мыңдаған жұмыс орны ашылғанын айтты. Тіпті Трамптың қатаң ұстанымы үшін алғыс та білдірді.
Марк Рютте, НАТО Бас хатшысы:
- Сіз еуропалықтарды жақсылап сілкіндіріп алдыңыз. Бұл өте жақсы болды. Алға жылжуымыз үшін бізге дәл осындай серпін қажет еді.
АҚШ НАТО-дағы ұстанымын өзгертті
Еуропа елдері әскери бюджетті ұлғайтқанымен бірнеше бағыт бойынша әлі де АҚШ-қа тәуелді. Әсіресе әуе қорғанысы, спутниктік барлау, әскери логистика және жоғары дәлдіктегі қару-жарақ жүйелерінде Вашингтонның мүмкіндігі басым.
Украинада соғыс басталғалы бері бірқатар мемлекет қару-жарақ өндірісін ұлғайтып, жаңа әскери бағдарламаларды іске қосты. Дегенмен қорғаныс өнеркәсібін дамыту үшін қомақты қаражатпен қатар, уақыт та қажет. Сондықтан НАТО ішіндегі қазіргі өзгерістер тек қаржыға тіреліп тұрған жоқ. Бұл – Альянс мүшелерінің қауіпсіздікке қатысты жаңа міндеттерді өзара қалай бөлісетініне байланысты стратегиялық шешім болмақ. Алдағы жылдары дәл осы мәселе НАТО-ның болашақ бағытын айқындауы мүмкін.
АҚШ қойып отырған шарттың негізгі мақсаты – Еуропаның қорғаныс саласындағы жауапкершілігін күшейтіп, АҚШ-тың әскери жүктемесін азайту.
Тегтер #НАТО #АҚШ #қаржы #ЖІӨPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz