RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Эбола Еуропаға жетті: Францияда індет жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді

25.06.2026, 09:50 52

Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы дерегі расталды. Вирус жұқтырған азамат – Конго Демократиялық Республикасында гуманитарлық миссия құрамында қызмет атқарған дәрігер, деп хабарлайды «24KZ».

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, науқас арнайы қауіпсіздік шаралары сақтала отырып ауруханаға жеткізіліп, оқшауланған бөлімге орналастырылған. Қауіпсіздік мақсатында медициналық мекеменің атауы мен орналасқан жері жария етілмеді.

Қазіргі уақытта эпидемиологтар дәрігермен байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 21 күн бойы бақылауда болып, үй жағдайында карантин режимін сақтайды.

Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда таралып жатқан «Бундибуджио» штамына қарсы тиімді вакцина немесе арнайы емдеу әдісі әзірленбеген. Вирус негізінен адамның дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы таралады. Бұл штамның өлім-жітім деңгейі шамамен 40 пайызды құрайды.

Дәрігердің жағдайы тұрақты деп бағалануда. Бұл оқиға қазіргі Эбола індеті басталғалы бері Африкадан тыс аумақта тіркелген алғашқы жағдай ретінде назар аудартты.

Ресми деректерге сәйкес, Конго Демократиялық Республикасында вирус жұқтырудың 1100-ге жуық жағдайы расталған. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі және қайтыс болғандардың көбі елдің солтүстік-шығысындағы Итури провинциясында тіркелген. Өңірде Эбола салдарынан шамамен 280 адам көз жұмған.

Сонымен қатар індет көршілес Угандаға да тараған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл елде Эбола жұқтырған 20 адам анықталып, олардың екеуі қайтыс болған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz