Зілзала Валенсия қаласынан солтүстік-батысқа қарай 60 шақырым жерде тіркелді.
Кейінгі дерек бойынша, табиғи апаттан 32 адам опат болып, тағы 700-і жараланған. Ахуал, әсіресе ел астанасы Каракаста қиын. Бас шаһарда бірнеше ғимарат қирады. Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Тек Чакао муниципалитетінде 18 адам құтқарылды. Сарапшылар: «Зілзаладан келген шығын Венесуэланың жалпы ішкі өнімінің 20 пайызына дейін жетуі мүмкін», - дейді.
Венесуэладағы алғашқы дүмпудің қуаты 7,2 балға жетті. Арада 1 минут өтпей, зілзала 7,5 балдық күшпен қайталанды. Үрейі қашқан тұрғындар қауіпсіз жер іздеп сыртқа қашты. Десе де көбі далаға шығып үлгермеген. Куәгерлердің айтуына қарағанда, үйінділер астынан көмек сұраған тұрғындардың дауысы естіледі. Қазір құтқарушылар үшін әрбір минут маңызды.
Мария Алехандра, жергілікті тұрғын:
- Үйдің қабырғасы жарылып кетті. Есікті әрең ашып шықтық. Сол сәтте айналаны қалың шаң басты. Ештеңе көрінбей қалды. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бәрі қорқынышты кинодағыдай болды. Біздің үйдің тұрғындары сыртқа шығып үлгерген сияқты. Алайда көрші ғимараттан бір ғана отбасының аман шыққанын көрдім.
Каракастағы әуежай ғимараты бүлінді. Қазір терминал жабық тұр. Елде бір аптаға сабақ тоқтады. Пойыз бен метро да жұмыс істемейді. Жойқын зілзаладан кейін әлемнің біраз елі көмек ұсынды. АҚШ Венесуэлаға құтқурашылар мен медициналық қызметкерлер тобын және гуманитарлық көмек жібереміз деп отыр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Бүгін Венесуэлада болған екі бірдей жойқын жер сілкінісі бірталай адамның өмірін қиды. Мен үкіметке көмек көрсету үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырдым. Біз осындай қиын кезеңде достарымызға көмектесуге міндеттіміз.
Рейтер агенттігінің дерегі бойынша, зілзаладан елдегі мұнай өндірісі бүлінген жоқ. Венесуэланың уақытша Президенті Делси Родригес елде төтенше жағдай жариялады. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардан қаржылай көмек сұрауға ниетті.
Делси Родригес, Венесуэла президенті:
- Екі бірдей жойқын зілзала бүкіл елде сезілді. Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр. Баспанасынан айырылған тұрғындардың мәселесін шешуге тырысамыз.
Ал сейсмологтар жер сілкінісі алдағы күндері 5 балдық күшпен қайталануы мүмкін деп ескертті. Сондықтан тұрғындарды абай болуға шақырды.
Авторы: Зайнұр Бажігіт
Тегтер #Венесуэла #жер сілікінісі #қаза тапқандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz