RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде құрылыс саласы қалай реттеледі?

25.06.2026, 16:30 42

Сапасыз құрылыс пен жылдар бойы аяқталмайтын тұрғын үй кешендері әлемнің көптеген еліне ортақ мәселе.

Кейінгі жылдары геосаяси тұрақсыздық, инфляция және құрылыс материалдарының қымбаттауы бұл жағдайды одан әрі күрделендірді. Соның салдарынан кей мемлекеттерде тұрғын үй жобалары кешігіп, құрылыс саласына қойылатын талаптар күшейтілді. Әлемде құрылыс саласы қалай реттеледі? 

Құрылыс саласы - әлем экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде бұл нарықтың көлемі 16 триллион доллардан асады. Осындай ауқымды саланы тиімді басқару үшін көптеген мемлекет құрылысқа қойылатын талаптарды қатаңдатқан. Үй салуға рұқсат беру, құрылыс сапасын бақылау және ұзаққа созылған жобаларды реттеу соның негізгі бөлігі.

Зәулім ғимараттарымен танылған Дубайда бүгінде құрылыс қарқыны бұрынғыдай емес. Сарапшылар мұны Таяу Шығыстағы қақтығыс, материалдардығ қымбаттауы және банктердің несие беру тәртібінің  күшеюімен байланыстырады. Соның салдарынан кей жобалардың мерзімі 6-9 айға кешігіп жатыр. Бұл жөнінде The Economic Times басылымы хабарлады. Тіпті Дубайда биыл тапсырылуы тиіс 45 мың тұрғын үйдің жартысына жуығы келесі жылға қалған. Соған қарамастан елде құрылыс саласына қойылатын талап өзгерген жоқ. Жаңа жобаға рұқсат берілмес бұрын оның қаржылық мүмкіндігі мен техникалық құжаттары толық тексеріледі. Сатып алушылардың қаражаты арнайы шотта сақталады. Компания ол қаражатты құрылыс кезең-кезеңмен аяқталған соң ғана ала алады.

АҚШ-та тұрғын үй салудағы басты қиындықтардың бірі - құрылысқа рұқсат алу. Елде бірыңғай жүйе жоқ. Әр штат пен қаланың өз ережесі бар. Сондықтан құрылысқа қойылатын талаптар да әртүрлі. Жоба алдымен сәулет, өрт қауіпсіздігі және инженерлік талаптарға сәйкестігі бойынша тексеріледі. Құрылыс басталғаннан кейін де мамандар нысанды бірнеше рет тексеруден өткізеді. Егер талап бұзылса, құрылыс бірден тоқтатылып, компания кемшіліктерді жоймайынша жұмысты жалғастыра алмайды. Ал ұзақ уақыт аяқталмаған немесе қараусыз қалған нысандар бойынша шешімді жергілікті әкімдік қабылдайды. Кей жағдайда құрылыс сот шешімімен бұзылып, жер телімі мемлекетке қайтарылуы мүмкін.

Жапонияда құрылыс саласындағы басты талаптың бірі - қауіпсіздік. Елде жыл сайын бір жарым мыңға жуық жер сілкінісі тіркеледі. Сондықтан жаңа ғимаратты салмас бұрын жоба жан жақты тексеріледі. Құрылыс барысында да нысан тұрақты бақылауда болады. Егер техникалық талаптар бұзылып жатса кемшіліктер толық түзетілмейінше нысанды пайдалануға беруге тыйым салынады. Жапонияда құрылыс талаптары ірі жер сілкіністерінен кейін үнемі жаңартылып отырады. Бұл ғимараттардың зілзалаға шыдамдылығын арттырып отыру үшін жасалады.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz