RU
Толық нұсқаға өту

Мұнайға сеніп келген елдер қайтадан көмір жағатын болады

26.06.2026, 08:00 52

Иран соғысы мұнай ғана емес, көмірге де сұранысты арттырды.

Мұнай болса да қымбат, оның үстіне газдың да қатқа айналуы біраз жұртты ойландырып қойды. Мәселен, Германия 2038 жылға қарай көмір өндіруді басыбайлы тоқтауы керек еді. Бірақ бұл жоспар заман түзелгенше құр уәде болып қалуы да ықтимал. Күн мен жел энергиясы да күн тәртібінде. Бірақ бұл технологияның әзірге шығыны көп, ақтауы қиын.

Ал газға келсек, Германия көгілдір отынның 95%-ын онсыз да сырттан тасиды. Сондықтан Берлин лажсыз көмірден энергия алуға  тырысады. Ал өзге елдер қайтеді?

Германия өнеркәсібі көмірге тәуелді

Германия электр энергиясын өндіру ісінде көмірді пайдалану бойынша Қытай, Үндістан, АҚШ-тан кейін төртінші орында. Алайда мемлекет 2038 жылға қарай көмір пайдалануды толықтай тоқтатуды жоспарлап отыр. Ал лигнит, яғни сапасы төмен қоңыр көмірден 2030 жылы бас тартпақ. Өйткені көмірдің бұл түрі ауаны ең көп ластайтын отын саналады. Германияда соңғы көмір кеніші 2018 жылы жабылды. Қазір мемлекет тас көмір өндірмейді, тек лигнитті ашық жолмен алады. Бұған дейін елдің Рур облысында ғасырлар бойы тас көмір өндірілген еді. 1950-1960 жылдары мұнда жүзден астам кеніш жұмыс істеген. Бірақ биыл Үкімет көмірден бас тарту мерзімін қайта қарап, бұл үдерістің энергетикалық қауіпсіздікке және энергия бағасына қалай әсер ететінін жан-жақты талдауға ниетті. 

ЦИТАТА: 

Фридрих Мерц, Германия канцлері

Біз елімізді электр қуатымен қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан қазіргі жағдайда жүзеге аспайтын жоспарлар үшін ел өнеркәсібінің негізіне қауіп төндіруге дайын емеспін.

Германия қолжетімді әрі арзан лигниттің мол қорына ие. Мемлекет отынның бұл түрімен өз-өзін қамтамасыз етіп отыр. Еуропада мұндай қор өзге елде жоқ. Ал керісінше, табиғи газдың 95%-ын импорттайды. Сондықтан әлемде газ бағасы шарықтаған сайын көмірге қарай бет бұру қаржылық тұрғыдан тиімді. Бірақ бұған қатысты қоғамда пікір қақ жарылды. Біреулер "көмірді көбейту мәселені шешпейді, тек жаңартылатын энергия көздеріне көшуді тежейді" деп есептейді. Ал енді біреулер мемлекетке сенімді энергия қажет дейді.

ЦИТАТА: 

Вольфганг Гроссе Энтруп, Германияның химиялық өнеркәсіп қауымдастығының бас директоры

Біздің өнеркәсіпке сенімді энергия қажет. Қазір мұны жалғыз жаңартылатын қуат көздері қамтамасыз ете алмайды. Компаниялар энергияның болашақта да бәсекеге қабілетті бағамен қолжетімді болатынына сенген жағдайда ғана миллиардтаған инвестиция салады.

Қазірдің өзінде Германия электр энергиясының жартысынан көбін жаңартылатын көздерден алады — өткен жылы бұл көрсеткіш 59%-ға жетті. Елде өндірілетін электр энергиясының 20%-ы көмірдің үлесінде. Қыс айларында Германия көмірді газ электр станцияларымен алмастырғысы келеді. Әдетте олар көмірқышқыл газын көмір станцияларына қарағанда шамамен екі есе аз бөледі. Қазір газ Германияда электр энергиясының 13%-ын қамтамасыз етеді.

Әлем елдері көмірден бас тартқысы жоқ

Еуропаның бірқатар елі көмірден түбегейлі бас тартқан. Алайда мұндай қадамға біраз мемлекет, әзірге, дайын емес. Мәселен, Италия соңғы станцияларын жабу ісін 2038 жылға қалдырды. Жапония биыл көмір электр станцияларындағы өндіріс көлемін арттырды. Бұған сұйытылған табиғи газ жеткізіліміндегі іркілістер мен энергоресурстардың қымбаттауы себеп. Дағдарыс басталғалы бері Азиядағы сұйытылған табиғи газдың бағасы 62%-ға өссе, көмір бағасы небәрі 13%-ға ғана қымбаттаған. Ал таяуда Қытай экологиялық таза энергия өндіру саласында біраз жетістікке жетті. Жаңа технология көмір электр станцияларында «жасыл» сутегінің үлесін 50%-ға дейін пайдалануды қамтамасыз етеді. Бұл технология кеңінен енгізілген жағдайда көмір тұтыну көлемі мен көмірқышқыл газы шығарындыларын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. 

Уэсли Александр Хилл, халықаралық энергетика саласы бойынша сарапшы:

Уақыт өте келе әлем елдері көмірден біртіндеп бас тартады. Сондықтан қазір негізгі мәселе –көмір ресурстарын тиімді пайдаланып, оны ұзақ мерзімді көміртегі стратегиясымен үйлестіру деп ойлаймын. Ең алдымен көмір өндіру инфрақұрылымын басқа технологияларға бейімдеу қажет. Мысалы, көптеген көмір шахталары мен бұрғылау технологиялары геотермалдық энергия үшін пайдаланылуы мүмкін. Яғни жердің ішкі жылуын пайдаланып электр энергиясын өндіруге болады. Сонымен қатар басқа энергетикалық инфрақұрылымды салу кезінде көмірді уақытша энергетикалық көпір ретінде пайдалану керек.

АҚШ көмір саласына $700 млн бөледі

Ал АҚШ Үкіметі көмір энергетикасын жандандыруға 700 миллион доллар бөледі. Бұл жалпы отын бағасын төмендетіп, америкалықтардың шығынын азайтуға көмектеседі. Ақ үй басшысы Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді. Қаражаттың басым бөлігі қолданыстағы көмір станцияларын жаңартуға және олардың жұмыс мерзімін ұзартуға жұмсалады. Өткен жылы Құрама Штаттарда көмірге деген сұраныс 8 пайызға артты. Бұған бір жағынан жасанды интеллект пен деректер орталықтарының қарқынды дамуы себеп болып отыр. Өйткені олар орасан зор энергия көлемін талап етеді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- АҚШ-та Сауд Арабиясы мен Ресейдегіден екі есе көп көмір бар. 700 миллион доллар көлеміндегі инвестицияның нәтижесінде біз 14 көмір электр станциясын және 42 көмір кенішін сақтап қаламыз. Бұл өте көп нысан. Көмір тиімді сала, бұл нағыз энергия көзі. Қоғамда әртүрлі бастамалар туралы айтылып жүр, бірақ әзірге оған шын мәнінде балама жоқ. Бұл шаралар 14 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп, америкалықтардың электр энергиясына жұмсайтын шығындарын 50 миллиард долларға дейін азайтады. 

Қазір әлем жаңартылатын энергия көздерін белсенді түрде дамытып жатқанымен көмірден бас тартқысы жоқ. Өйткені қатты отын сенімді стратегиялық ресурс болып қала бермек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz