Қазақстандық ет өнімдері Оңтүстік Кореяда өткен импорттық тауарлар көрмесінде үздік деп танылды.
«Korea Import Expo» көрмесін ұйымдастырушылар Ақмола облысынан әкелінген етті өз қолдарымен дайындап, оның дәміне жоғары баға берді. Жергілікті компаниялар Қазақстаннан жеткізілген ұн мен макарон өнімдеріне де қызығушылық танытты.
Жиырма үшінші рет ұйымдастырылған корейлік импорттық тауарлар көрмесінде қазақстандық өнімдер тұңғыш рет төрт бірдей стендте ұсынылды. Келушілерге отандық өнімдердің 15 түрі көрсетілді. Оңтүстік кореялықтар Қазақстанның кейбір өнімдерімен бұрыннан таныс. Олар шоколад пен макарон өнімдері. Бұл тауарлар көбіне ТМД елдерінен келгендер тұратын аймақтарда сатылады.
Ким Дабин, Сеул қаласының тұрғыны:
- Кореяда кеспе түрлері көп болғанымен олардың құрамы мүлдем бөлек. Қазақстандық макарондар өте сапалы, өйткені олар 100% жоғары сұрыпты ұннан жасалған. Бір жолы осы өнімнен тамақ дайындағанда езіліп кетпей өте дәмді піскен еді. Сонысымен ерекше.
Жанар Ақбердиева, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының аға менеджері:
- Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан «Корея Импорт Экспо 2026»-ға экспорттық әлеуеті жоғары азық-түліктерді әкеліп қатысуға, экспорттық әлеуеті жоғары азық-түліктерді әкелгелі тұр. Оңтүстік Корея нарығына көбінесе сұранысқа ие болған азық-түліктердің қатарына сиыр етімен ұнды, дақылдарды қоссақ болады.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда қазақстандық тауарлардың ішінде сиыр еті ең жоғары сұранысқа ие. Бұл осы елде сиыр етінің өте қымбат болуымен байланысты. Тіпті мұнда мереке күндері 600 грамм сиыр етін беру өте жақсы сыйлық саналады. Оның бағасы 30 мың вондай болады. Бұл шамамен 9 жарым мың теңге.
Көрмеге Ақмола облысынан 20 келіге жуық ет өнімі әкелінді. Одан асты Корея импорттаушылар қауымдастығының басшысы Юн Ён Мидің өзі дайындап көріп, жоғары бағалады.
Нұрхан Нұржанов, агрохолдингтің бөлім басшысы:
- Щучинск, жалпы Бурабай Қазақстан үшін демалыс аймағы сияқты. Бұл тегін емес, өйткені өңір таза ауа әсем табиғатымен ерекшеленеді. Өзен-көлдері орманы бар. Біз бұл аймақта өзіміздің мал шаруашылығымызға қажетті дәнді дақылдар өсіріп, жыл бойы пайдаланамыз.
Корея импорттаушылар қауымдастығының төрағасы Юн Ён Ми Кореяға бидай мен сиыр еті экспортын арттыруға шақырды. Бұл аталған тауарлардың 90 пайызы АҚШ, Канада және Австралиядан келетініне байланысты. Юн ханым Түркия мен Қазақстаннан бидай импорттау ішкі нарықтағы ұнның бағасын төмендетіп қана қоймай, сауда теңгеріміне оң ықпал ететінін атап өтті. Тамыз айында кореялық компаниялардың делегациясы елімізге барып, азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Қазақстан #тауар #корея #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz