Оңтүстік Корея Орталық Азиямен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті.
Чеджу аралында өткен халықаралық форум аясында ұйымдастырылған сессияның бірінде тараптар серіктестікті кеңінен талқылады. Жиынға еліміздің делегациясы да қатысты. Халықаралық ауқымды іс-шара БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның АҚШ Президентін сынға алуымен де назар аудартты. Ол Дональд Трамптың өз елін ондаған халықаралық институттан шығару туралы шешіміне «наразы» екенін мәлімдеді.
«Чеджу аралындағы бейбітшілік пен өркендеу» форумы Азиядағы жетекші пікірталас алаңдарының бірі. Оған биыл 25 жыл толды. Жиынға БҰҰ Бас хатшылығына үміткер 6 кандидаттың 5-еуі қатысты. Алтыншысы Чилидің экс-басшысы Мишель Бачелет пікірталасқа бейнебайланыс арқылы қосылды. Үміткерлер бұл қызметте немен айналысатындарын айтып берді. Форумда БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйлеп, Дональд Трампты АҚШ-тың 65-тен астам халықаралық ұйымнан шығу туралы шешімі үшін сынға алды. Қайта қосылуға шақырды. Ол сондай-ақ ұйымның жаңа басшысы жұмысты ауыр қаржылық дағдарыс пен көптеген әскери қақтығыс жағдайында бастайтындықтан оңай болмайтынын атап өтті.
Пан Ги Мун, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы:
- БҰҰ-ның келесі Бас хатшысы көп жақтылыққа деген сенімді қалпына келтіретініне сенімдімін. Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі қарапайым адамдардың өмірін өзгерте алатынын көрсетуге мүмкіндіктеріңіз мол.
Чеджудегі форумның бір сессиясы Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасқа арналды. Қатысушылар осы жылдың қыркүйегінде өтетін «Корея – Орталық Азия» саммитін ынтымақтастықты жүзеге асырудың тұрақты алаңына айналдыруды ұсынды.
Пэк Чу Хен, Корея Республикасының Қазақстандағы бұрынғы елшісі:
- Корея мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық ресурстар мен инфрақұрылым саласындағы дәстүрлі өзара іс-қимыл шеңберінен шығып, жасанды интеллект, кванттық есептеулер, роботехника және дрондар сияқты жоғары технологиялық салаларға, сондай-ақ салалық кадрларды бірлесіп даярлауға дейін кеңеюі тиіс. «Корея – Орталық Азия» саммиті 30 жылдық ынтымақтастықты қайта ой елегінен өткізіп, болашаққа сенімді жоспарлар құруға түрткі болуы керек.
Әсет Исенали, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Цифрландыру мен жасанды интеллект саласында көп мүмкіндік ашылып жатыр. Президентіміздің жоспары бойынша үш жыл ішінде біз толық цифрлық мемлекетке айналуымыз керек. Меніңше, бұл осы салада жұмыс істейтін кореялық компаниялар үшін өте үлкен мүмкіндік.
Сессияға қатысушылар Кореяның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы тек ресурстармен қамтамасыз ету шеңберінен шығып, терең өңдеуді дамытуға және технологиялық жеткізілім тізбегін бірлесіп құруға көшуі керектігін атап өтті.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #Орталық Азия #серіктестік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz