RU
Толық нұсқаға өту

Қытай кәсіпкерлері Абай облысына 2,5 млрд доллар инвестиция салады

28.06.2026, 13:36 37

Көрші елдің инвесторлары көлік-логистика, тау-кен өндірісі, тұрғын үй құрылысы саласы сияқты бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыруға ниетті. 

Бұл бағытта екі жақты келісім жасалды. Енді жуық арада ірі компания өкілдері Абай өңіріндегі жұмыстарын бастайды.

Абай облысынан келген делегация Қытайдың бірнеше аймағын аралап инвестор іздеді. Сапар аясында облыс әкімі Берік Уәли бірқатар компания жетекшілерімен кездесті. Әрбір инвестордың ұсынысын жеке-жеке тыңдап, мемлекеттік жеңілдіктер мен көрсетілетін қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді. Олардың ішінде әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялар да бар. Мәселен, бір ғана тау-кен өндірісімен айналысатын холдинг 1 млрд АҚШ доллар инвестиция салуға келісім берді. Бұл компания Мақаншы ауданында алюминий зауытын салады. Оған өз қаражатын жұмсап жаңа жұмыс орындарын ашуға келісті.

Сун Шоукуан, Jiachen Group компаниясының жетекшісі:

- Бұған дейін келіссөз кезеңінен өттік. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті деп ойлаймын. Біз жұмысты биыл бастауға дайынбыз. Жоба жүзеге асқанда кемінде екі мың адамға дейін жұмыс беруге болады.

Аймаққа инфрақұрылымдық құрылыс саласына ірі көлемде қаржы құюға дайын компания да табылды. Ол әлемнің 30-дан астам елінде өз жобаларын сәтті жүзеге асырған. Енді Бақты ауылында өнеркәсіптік парк салады. Аумағы 3 мың гектарлық нысанның құрылысы биыл басталатын болды. Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі мен компания жетекшісі Хуа Дуни өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қытайларда қаражат бар. Техника мен кәсіби мамандар да жетеді. Олар әріптестік орнатып қаржы салуға дайын. Алайда билік тарапынан сенімді әрі тұрақты қолдау қажеттігін аңғартты. Сондай-ақ Бейжіңде Семей қаласындағы жаңа заманауи «Смарт сити» ауданының құрылысы мен инфрақұрылымын салу туралы ұсыныс білдірген компаниялар да болды. Делегация олардың жұмысын көріп, әлеуетімен танысты. Өзара инвестжобаларды іске асыру және ынтымақтастық орнату жайын талқылады.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Біз шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және өзара тиімді әріптестікті дамытуға ерекше мән береміз. Өйткені бұл инвестиция тарту Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.  Жаңа өзіңіз айтып өткен жоспар жобаларыңызды біздің Семей қаласында қолға алып жатқан смарт ситиде сіздерді сіздерді көргіміз келеді.

Қытайлық бизнесмендердің сенімін арттыру мақсатында Үрімжі қаласында Семей әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының кеңсесі ашылды. Бұл Абай облысы мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Бұл жерде аймақтың инвест әлеуеті, мүмкіндіктері туралы тұрақты мәлімет беріледі. Ал мамандар екі ортадағы байланысты ұйымдастырып, бірлескен жобаларды сүйемелдейді.

Мұхтар Әлімханұлы, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы:

- Бұл жерде мамандарымыз Қазақстанның заңнамалары бойынша қажетті мәліметтерді береді. Сонымен қатар Абай облысының барлық қызығушылық танытқан потенциалы бойынша тереңдетілген ақпаратты ала алады.

Делегацияның сапары бұдан әрі ішкі моңғолия аймағында жалғасады. Ордос қаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, инвестиция көзін іздейді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz