Ресейде екі аптадан бері жанармай жеткізуде қиындық туды. Кейбір бекеттерде шектеу қойылса, басқаларында сатылым мүлдем тоқтады.
Алайда билік жағдай тұрақты бақылауда дейді. Ресейде жазда жанармайдың тапшы болуы үйреншікті нәрсеге айналды. Әдетте бұл уақытта сұраныс артады. Десе де биылғы жағдай бұрынғыдан да қиын. Қазір елдегі 36 ірі мұнай өңдеу зауытының көбі бұзылып тұр. Еріксіз қордағы отын алына бастады. Кейінгі аптада жанармайдың орташа бағасы үш есе өскен.
Жанармай мәселесі Кремльге дейін жетті. Владимир Путин мұнай саласы мен жауапты мекемелер өкілдерімен отырыс өткізген. Нәтижесінде аймақтарды жанармаймен қамтамасыз ету мәселесін тәулік бойы қадағалайтын арнайы штаб құрылды. Сонымен қатар бұзылған жанармай құю бекеттерін жөндеу жұмысын жеделдету тапсырылған. Билік шілдеде жағдай реттеледі деп отыр.
Владимир Путин, Ресей Президенті:
- Өкінішке қарай, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Қажет марканы табу қазір өте қиын. Ауыл шаруашылығы саласына түскен ауыртпалықты да түсініп отырмыз. Агрокәсіпорындардың маусымдық жұмысы тоқтап қалмауға тиіс. Егін осы мәселеге тәуелді.
Путин ішкі нарықтағы жанармай ұсынысын арттырып, бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. Аймақтар жанармай сатылымына шектеу енгізуге кіріскен. Жанармай канистрге құюға тыйым салынды.
Авторлары: Наргиз Рақымжан, Ернат Рахметолла
Тегтер #Ресей #жанармай #сатылымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz