1 шілдеден бастап Еуропалық одақта ЕО-ға мүше емес елдерден жеткізілетін құны 150 еуроға дейінгі тауарларға уақытша кедендік баж салығы енгізіледі, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа тәртіп негізінен шетелдік интернет-дүкендер арқылы сатып алынатын киім-кешек, ойыншық, электроника және өзге де тұтыну тауарларына қатысты. Кедендік баж әрбір тауарға емес, оның кедендік жіктеліміне сәйкес әрбір тауар санатына есептеледі. Әр санат үшін төлем мөлшері – 3 еуро.
Мәселен, егер сатып алушы бес футболкаға тапсырыс берсе, олардың барлығы бір санатқа жататындықтан 3 еуро көлемінде бір ғана баж салығы алынады. Ал тапсырыс құрамында үш футболка мен қолсағат болса, олар екі түрлі санатқа кіретіндіктен төленетін баж салығы 6 еуроны құрайды.
Тауарды декларациялау және кедендік рәсімдеу кезінде баж салығын төлеу міндеті сатушыға немесе импорттаушыға жүктеледі.
Еуропалық комиссияның мәліметінше, Еуроодақ аумағына күн сайын құны төмен миллиондаған сәлемдеме жеткізіледі. Олардың бір бөлігінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер кездеседі. Сондай-ақ кейбір жөнелтушілер кедендік төлемнен жалтару үшін тауардың құнын төмендетіп көрсетеді немесе декларацияны дұрыс рәсімдемейді.
Еурокомиссия жаңа шара Еуропадағы кәсіпкерлер үшін әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруға, тұтынушылардың қауіпсіздігін күшейтуге, кедендік алаяқтықтың алдын алуға және жаппай халықаралық жүк тасымалының қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Бұдан бөлек, Еуропалық одақ кеден жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл еуропалық нарықта жұмыс істейтін барлық компания үшін тең жағдай жасап, өнімдердің қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуін қамтамасыз етуге бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ЕО #баж салығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz