RU
Толық нұсқаға өту

Арабтар танымал брендтерден бас тартты

30.06.2026, 10:50 53

Таяу Шығыс елдерінің сауда орталықтары батыс брендтерінен босады. Яғни бұл жақтағы тұтынушылар АҚШ пен Израильде шыққан затты сатып алмайды.

Бұған осы екі мемлекеттің бизнесіне жарияланған бойкот ықпал еткен.

Енді батыс брендтерінің орнын өңірде және Оңтүстік Азияда шығарылған тауар белгілері басты. Ал бойкот осыдан 3 жыл бұрын басталған. Содан бері жалғасып келеді.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Арабтың бай-бағландары батыста танымал брендтерге енді бұрынғыдай аса құштар емес. «Bain & Company» ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесі осыны көрсетті. Дерекке сай, жергілікті тұтынушылардың жартысынан көбі 2023 жылы Газада басталған қырғыннан кейін АҚШ пен Израильде шығарылатын кей өнімдерге жаппай бойкот жариялады. Сөйтіп өз құндылықтарына қайшы келетін дүниелерден бас тартты. Қазір сауда сөрелері танымал тауар белгілерінен біршама босап қалды. Оның орнын Қытай, Түркия, Үндістан импорты басты.

Ануша Мехта, жергілікті тұтынушы:

- Дәл қазір мен киім дүкеніне келіп тұрмын. Сапасы мен бағасы көңілге қонымды. Аса қымбат емес. Аты шыққан брендтерді алғым келмейді. Осындай дүкендер көп болса деймін.

Әмірлікте Араб дизейнерлерін қолдайтын арнайы бизнес бағдарламалар бар. Соның бірі Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Шығанақ нарығына арналған киім үлгілері сол жақта тігіліп, кейін тапсырыспен осында жеткізіледі. «Сауда бар әрі тұтынушы талғамына сай келеді», - дейді мамандар.

Нурхан Әл Гоухари Инфлюенсер, сән индустриясының маманы:

- Жергілікті өнімдерді қолдауға бағытталған бастамалар көбейді. Олардың тауарын негізінен онлайн дүкендерден таба аламыз. Бұл өте жағымды құбылыс. Нарықта кең таңдаудың болғаны қай кезде де дұрыс.

Америкалық және израильдік тауар белгілеріне жарияланған бойкоттың қашан аяқталары белгісіз. Киім-кешек қана емес, тұрмыстық зат сататын орындар да осы қолайсыз жайтқа тап болып отыр. Тамақтану орындарына қатысты тыйым тағы бар. Айта кетейік, ресми органдардың бұл үдеріске еш қатысы жоқ. Қоғам өздігінен бастама көтеріп, азаматтық ұстаным танытқан.

Юсеф Хаммодей, Таяу Шығыс бойынша сарапшы:

- Батыс брендтеріне қатысты тыйым бірде кең ауқым алып, енді бірде ұмытыла бастайды. Қытай тауарларының көбеюіне мұның өз әсері бар, әрине. Дегенмен Азиядан келетін өнімдер баға жағынан тиімдірек болып тұр. Сол себепті сауда орындарында көп. Айталық, автокөлік нарығында жағдай түбегейді өзгерді. Ол жақта бұрыннан келе жатқан танымал брендтерге сұраныс аса жоғары емес.

Бойкот бір есептен Оңтүстік Азия өнімдерін кең саудалауға жол ашты. Мамандардың айтуына қарағанда, Араб тұтынушылары бұл қадамға саналы түрде барған. Соның нәтижесінде шығанақ елдерінің Қытаймен сауда-саттығы артты. Бір жылда жалпы көлемі 290 млрд долларға жетіп, еуропалық одақпен жасасқан келісімдерден асып түсті.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz