RU
Толық нұсқаға өту

Әмірліктерде жолаушылар пойызы жүре бастады

30.06.2026, 20:11 34

Біріккен Араб Әмірліктерінде жолаушылар пойызы жүре бастады.

Сахара шөлінен көлбей тартылған теміржол елдің астанасы мен шығысын жалғайды. Құм арасымен жүрсе де, жылдамдығын сағатына кемі 200 шақырымға дейін жеткізе алады. Мұндай жаңашылдық тұрмақ, пойыз атаулыны бұрын-соңды көрмеген арабтар аң-таң.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Теміржол әлемде кең таралған көлік инфрақұрылымы болғанымен Араб әмірліктерінде беріректе ғана салына бастады. Осыдан 10 жыл бұрын алғашқы желісі іске қосылып, жүк тасымалына қолданылды. Ал қалалар мен елдімекендерге қатынайтын жолаушылар пойызы күні бүгінге дейін болған жоқ.

Араб жерінде салынған болатжолдың жалпы ұзындығы 1200 шақырымға жетеді. 7 әмірлікті түгел қамтитын ауқымды құрылыстың негізгі бөлігі аяқталды. Ең алғаш болып екі станция пайдалануға берілді. Соның бірі Абу Дабидегі сапаржай. Билет сатып алу, перронға кіру, құжат және жүк тексеру сынды қызметтер мұнда автоматты жүйеге негізделген.

Мансур Әлмулла, БАӘ теміржол компаниясының коммуникация жөніндегі менеджері:

- Құрылысқа кірісер кезде көптеген алаңдаушылық болды. Жоспарлау кенет өзгерді. Материалдарды жеткізу, іске қосу, сынау сынды жұмыстар белгілі бір кедергімен жүргізілді. Бірақ 5 жыл ішінде бәрін бітірдік. Қазір жолаушылар бір ғана бағытта тасымалданып жатса, жыл соңына дейін 7 әмірлікті қосамыз. 

Алғашқы жүрдек пойыздың станцияға келіп тоқтаған сәті жергілікті ақпарат құралдарында тарихи оқиға деп бағаланып жатыр. Өйткені әмірлікте қалалар арасындағы қатынас тұрғындарды қинайтын ең өзекті мәселе болып келген. Көпшілік автокөлікпен жүріп, оқыс жағдайға жиі ұшырап жатады.

БЛИЦ

- Таңғы сағат 5 жарымда Фуджейрадан шықтық. Тым ерте әрине. Уақыты жағынан сәл қолайсыз. Дегенмен, жақсы деген баға беремін.

- Алғашқы жолаушылардың бірі болғаныма қуаныштымын. Бұл сәтті көп күттік. Темір жолы бар елдерге қызыға қарайтын едік. Енді бізде де бұл сала дамитын болады. 

Жолаушылар пойызы аялдайтын станциялар әзірге толық дайын емес. Абу Даби мен Фуджейра ғана іске қосылды. Жыл соңына дейін Дубай және басқа аймақтағы нысандар пайдалануға беріледі дейді мамандар. Келешекте әмірлік компаниясы темір жолмен тауар тасымалдауды да жоспарлап отыр. 

Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz