Әзербайжан астанасы Баку қаласында “Түркі әлемі апталығы” өтіп жатыр.
Іс-шара “Бірінші түркология құрылтайының” жүз жылдығына арналып отыр. Жиынға түркі халықтарының ғалымдары мен осы саланы зерттеп жүрген өзге елдердің мамандары қатысуда.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Апталықтың Бакуде өтуі бекер емес. 1926 жылы ақпанның соңы мен наурыздың басында дәл осы ғимаратта түркологтардың тұңғыш құрылтайы ашылған еді. Енді міне араға жүз жыл салып бүгінде тәуелсіз түркі елдерінің ғалымдары қарт Каспийдің жағасындағы әсем қалада қайта қауышты. Қазір мұнда Әзербайжанның Ұлттық ғылым академиясы орналасқан.
Апталықтың ресми ашылу салтанаты Гейдар Әлиев атындағы орталықта ұйымдастырылды. Түркі мемлекеттерінің Мәдениет министрлері, ғылыми институт басшылары мен осы саланы зерттеп жерген ғалымдар келді. Мерейтойлық іс-шара мәдени перфоманспен басталды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанның артистері өнер көрсетті. Сахналық қойылым түркі халықтарының ортақ тарихы, тағдыры мен болашақ ұстанымын баяндайды.
Адиль Керимли, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі:
- 1926 жылы Бакуде бір үстелде бас қосқан интеллигенция болашаққа зор үмітпен қарады. Олар араға 100 жыл салып бұл идеялардың өміршең болатынын ойлаған. Бүгін міне ол бастамалар осыншама елді ортақ құндылықтардың айналасына жұмылдырып отыр.
Қазақстан Президентінің құттықтауын кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді. Мемлекет басшысы өз хатында алғашқы құрылтайдың тарихи маңызы мен түркі әлемінің рухани дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң бауырлас елдер арасындағы байланыс беки түсті. Бүгінде Түркі мемлекеттерінің ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы секілді институттар жұмыс істейді. Олардың маңызы ерекше.
Мәлік Отарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
- Қайтадан осы түркі әлеміндегі ынтымақ пен бірлікті сақтау мақсатында жасалып отырған істерге үлкен септігір тигізіп отыр. Шын мәнісінде тарихты біз бөліп жара алмаймыз ғой. Қазақстанда осындай үлкен тарихи оқиғаның қатысушысы, куәгері және бір бөлшегі.
Аз кем Бүкілодақтық құрылтайдың тарихына тоқтала кетейік. Сьезге қазақ делегациясын Қызлордадан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастап келді. Құрамында Елдес Омаров пен Біләл Сүлеев болды. Ал Нәзір Төреқұлов пен Азиз Бай-Сейдули Мәскеуден келді. Жиыны бес адам еді. Ресми делегациядан бөлек атақты әнші Әміре Қашаубаев қатысты деген дерек бар. Негізгі қамтылған мәселе - әліпби, терминология, түркі мәдениетінің болашағы.
Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі:
- Әсіресе басты мәселе ол - латын қарпіне көшу мәселесі болды. Ол ең тартысты мәселелердің бірі болды. Біздің Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ делегациясы араб әліпбиін ауыстырмай Ахмет Байтұрсынұлы реформа жасаған төл әліпбиімізде қаламыз деген өзінің позициясын, ұстанымын айтты. Ал негізгі Совет Одағының ұстанып отырған саясатына сәйкес латын жазуына көшу мәселесі күн тәртібіне қойылып отырды.
Жиында мәдени кеңістікті кеңейтіп, ғылыми кооперацияны арттыру жайы да сөз болды. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Түркі халықтарының терминологиялық комиссиясын” құру туралы ұсыныс жасаған еді. Ортақ терминдерді бекіту де арадағы байланысты нығайтады, дейді “Түркі әлемі апталығына” келген зерттеушілер.
Ұлан Нарынбек, Диас Саятов
Тегтер #Баку #Әзербайжан #Түркі әлемі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz