Әлемдегі ең ірі 50 контент жасаушының жиынтық табысы алғаш рет 1 миллиард доллардан асты. Бұл дерек Forbes-тің жыл сайынғы Top Creators рейтингінде көрсетілген, деп хабарлайды «24KZ».
Басылым дерегінше, 2025 жылдың наурызы мен 2026 жылдың наурызы аралығында рейтингке енген үздік контент авторлары жалпы 1,02 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Ал 2022 жылы жарияланған алғашқы рейтингпен салыстырғанда өсім 80%-ды құрайды (сол кезде жиынтық табыс 853 миллион доллар болған).
Сарапшылардың айтуынша, контент экономикасы бүгінде дәстүрлі шоу-бизнеспен бәсекелес қана емес, оның ажырамас бөлігіне айналған. Танымал авторлар медиа-компаниялар құрып, жеке брендтерін дамытып, ірі студиялармен және стриминг платформаларымен тығыз жұмыс істеп келеді.
Атап айтқанда, веб-сериал негізінде түсірілген Backrooms фильмі 10 миллион доллар бюджетпен түсіріліп, әлемдік прокатта 260 миллион доллардан астам табыс тапқан. Ал Obsession фильмі 750 мың доллар бюджетпен түсіріліп, 290 миллион доллардан жоғары кіріс әкелген.
Контент жасаушылардың ықпалы стриминг нарығында да артып отыр. Mark Rober мен Ms. Rachel Netflix платформасында білім беру жобаларын іске қосты. Ал MrBeast Amazon Prime Video арқылы Beast Games шоуының жаңа маусымын ұсынды. Сондай-ақ Dhar Mann Fox Entertainment компаниясымен 40 вертикалды драмалық сериал түсіру жөнінде келісімге келген.
Jeffrey Katzenberg бұл жобаны «XXI ғасырдың киностудиясы» деп бағалап, Дхар Маннның цифрлық платформалар мен дәстүрлі әңгімелеу форматын сәтті ұштастырғанын атап өтті.
Рейтинг қорытындысы бойынша көшбасшы орынды тағы да MrBeast иеленді. Ол бір жылда 300 миллион доллар табыс тауып, 873 миллионнан астам аудитория жинаған. Оның Beast Industries компаниясы медиа саласымен қатар азық-түлік өнімдері, аналитикалық сервистер және білім беру жобаларын да дамытып келеді.
Екінші орынға Dhar Mann (65 млн доллар), үшінші орынға Steven Bartlett (52 млн доллар).
Үздік ондыққа сондай-ақ Markiplier, Rhett & Link, Charli D'Amelio, Druski, IShowSpeed, Mark Rober және Codie Sanchez енді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Forbes #бизнесPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz