Францияда аптап ыстықтан өлім-жітім жиілеп, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсті.
Тіпті кей өңірде жерлеу орталықтарының мәйіт сақтайтын орындары толып, жағдай күрделенген. Кейінгі тәуліктерде ыстық бәсеңдегенімен, ауа райын болжаушылар алдағы аптада температура тағы көтерілуі ықтимал екенін ескертті.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Францияда маусым айындағы аптап ыстықтың салдары сараланып жатыр. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің алдын ала мәліметінше, 24 маусымнан бері елде өлім-жітім көбейді. Ми қайнатар ыстықтан қалыпты деңгеймен салыстырғанда мыңнан аса артық өлім тіркелген. Алайда Агенттік қазіргі дерек әлі де өзгеруі мүмкін деп отыр. Себебі қайтыс болу туралы куәліктердің бір бөлігі әлі электронды жүйеге енгізілмеген. Марқұмдардың 85 пайызы – 65 жастан асқан қарт адамдар. Әсіресе Иль-де-Франс өңірі мен елдің батысында ахуал күрделі.
Өлім-жітімнің көбеюінен жерлеу қызметтерінің жүктемесі артып, қиындыққа тап болды. Мәйітті сақтайтын камералар тез толып, оларды қоятын орын жетіспей жатыр. Париждегі екі ірі жерлеу орталығы марқұмдардың денелерін қала маңына тасымалдауға мәжбүр. Шаһар билігі тағы екі уақытша сақтау камерасын ашты. Ал Париждің Орли әуежайының жанындағы жерлеу орталығындағы мәйітханада тоңазытқыш камераның барлығы толған.
Зухайер Эртелли, жерлеу бюросының директоры:
- Демалыс күндері біз 150-ден астам мәйітті қабылдай алмай, бас тартуға мәжбүр болдық. Адамдар шарасыз күйде екендерін айтып хабарласады. Десе де қазір біз оларға көмектесетіндей мүмкіндігіміз жоқ. Камералар лық толған. Тек 10 шілдеге таман ахал өзгермесе.
Кейінгі бір аптада Франциядағы жедел жәрдем бөлімшелеріне жүгінгендер саны 20 пайызға артқан. Науқастардың басым бөлігі ауруханаларға күн өтіп, ағзада су азайып әлсіреу және жүрек-қан тамырлары аурулары асқынуымен түскен. Қазір ыстық толқын Еуропаның шығысына ойысқан. Аптап Германия, Польша, Чехия, Венгрия және Италияда тұр. Алайда синоптиктердің болжамынша, 6 шілдеден бастап Францияда қайта ми қайнатар ыстық жайлайды. Дәрігерлер екінші толқынның салдары бұдан да ауыр болуы ықтимал деп алаңдайды.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #Франция #ыстық #өлім жітім #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz