RU
Толық нұсқаға өту

Брюссельде қазақ диаспорасы бельгиялықтармен бірге домбыра күнін атап өтті

05.07.2026, 11:28 51

Бельгия жұртшылығы да Ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтті.

Диаспора өкілдері мен шетелдіктер құрған ансамбль Брюссельде тігілген киіз үйдің жанында қазақ күйлерін орындады. Жалпы, бельгиялықтардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Олар шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп жүр.

Француз тілі пәнінің мұғалімі Лукас Моммер домбыраны алғаш естіген сәттен-ақ оның қоңыр үніне ғашық болған. Ұлттық аспаптың даусы оған аттың дүбірін еске салыпты. Одан кейін Лукас қазақ күйлерін музыкалық платформалардан тыңдай бастайды. Алдымен арзандау домбыраға тапсырыс беріп, кейін Қазақстаннан сапалысын алдыртады. Домбыра тартуды ол Алматыдағы музыканттан онлайн үйренген.

- Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра.

Лукас Моммер, мұғалім:

- Домбырада ойнаған сайын оның астарында терең тарих, мәдениет және ашаршылық сияқты өткеннің қасіретті беттері жатқанын түсінемін. Мектепте оқушыларыма домбыра тартып, Қазақстан туралы айтып отырамын. Арманым Алматыны көру.

Бельгиялықтар мен диаспора өкілдері Қазақстан елшілігінде өтетін мәдени шаралардан қалмайды. Олар ұлттық домбыра күнінде де жиналып, DOMBRAssadors ансамблін құрды. Өнер ұжымының ішіне елшілік қызметкерлері де кірді. Қатысушылардың бәрі бірдей кәсіби музыкант емес. Дегенмен олардың орындауындағы «Ерке сылқым», «Әлқисса» және «Сұлу қыз» шығармалары жылы қабылданып, шынайы естілді. Домбыра, жетіген және сазсырнайдың гобой, скрипка және аккордеон сияқты еуропалық аспаптармен үйлесуі де ерекше әсер қалдырды.

Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі:

- Бүгін домбыраның әуені Қазақстанда ғана емес, Еуропаның жүрегі – Брюссельде де естіліп жатыр. Бұл Қазақстан мен Бельгияны мәдениет арқылы жақындастыратын ерекше белгі. 

Биыл Бельгияда екі қазақ мәдени орталығы ашылды. Онда балалар мен диаспора өкілдері қазақ тілін үйреніп, домбыра тартуды меңгеріп, салт-дәстүрлерімізбен етене танысып жүр. Осылайша ұлттық болмысымыз сақталып, Қазақстанның мәдени мұрасы Бельгияда кеңінен танытуға үлес қосып келеді.

Жазира Укеева, музыкант:

- Бельгияда тұрғаныма 17 жыл болды. Қазір Антверпен қаласында тұрамын. Өзім кәсіби скрипкашымын. Бүгін бәріміз Домбыра күнін тойлап жатырмыз. Өзіміздің отанға деген сағынышымызды басып жатырмыз.

Йохан Фамай, музыкант:

- Бізде домбыраның дәл баламасы жоқ, бірақ аккордеонымның қазақтың ұлттық аспабымен үндесіп жатқаны қуантады. Менің ойымша, әртүрлі дыбыстарды біріктіріп, жаңа дүние жасау өте қызық.

Сондай-ақ Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар мұражайында қазақтың домбырасы мен сазсырнайы сақтаулы тұр. Жақында олардың қатарын жетіген толықтырды. Бұл Еуропада қазақ музыкалық мәдениетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz