RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда НАТО саммиті басталды

07.07.2026, 20:38 30

Бүгін Түркия астанасында НАТО-ның екі күндік саммиті басталды. 

Әскери альянсқа мүше мемлекеттер стратегиялық мақсаттарды, ғаламдық қауіп-қатер, қорғаныс саласына бөлінетін қаржы және АҚШ-тың НАТО-ға қатысты ұстанған саясатын талқылайды. 

Анкарадағы саммитке НАТО-ға мүше 32 елдің делегациясы қатысады. Тағы Азия-Тынық мұхиты өңірі, Таяу Шығыс және Украина өкілдері де шақырылған. Жиында басты талқы АҚШ ұстанымы төңірегінде өрбуі мүмкін. Ресми Вашингтон альянсқа мүше мемлекеттерден Еуропаның қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, 2035 жылға қарай қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізуді талап етіп отыр. Вашингтон бұл тұжырымдаманы «НАТО 3.0» деп атайды. Жоспарға сәйкес АҚШ альянстағы жетекші рөлін сақтайды, бірақ Еуропадағы әскерін қысқартуға ниетті. Ал Еуроодақ Вашингтон стратегиялық басымдықтарын өзгертіп жіберуі мүмкін деп алаңдайды.

Марк Рютте, НАТО бас хатшысы:

- НАТО-ға мүше мемлекеттер ЖІӨ-нің 5 пайызы көлеміндегі мақсатқа қол жеткізу үшін нақты, сенімді әрі жан-жақты жоспар ұсынады деп ойлаймын. Қазіргі көрсеткіштердің өзі жаман емес. Өткен аптада президент Трамппен кездесу өткізіп, Еуропа елдері мен Канаданың қорғаныс шығындарын арттыру мәселесін талқыладық. Қазір еуропалық елдер нақты қадамға көшті.

Марк Рюттенің сөзіне қарағанда, альянс елдерінің қорғаныс шығындары қазірдің өзінде ЖІӨ-нің шамамен 4 пайызына жақындаған. Кейінгі деректер бойынша, салаға бөлінетін қаржы көлемі жөнінен АҚШ көш бастап тұр. Былтыр Вашингтон шамамен 1 триллион доллар құйған. Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 3,2 пайызы және альянс елдері арасындағы алтыншы көрсеткіш. Ал ЖІӨ-дегі үлесі бойынша тізімнің басында Польша тұр. Бұл ел қорғанысқа жалпы ішкі өнімінің шамамен 4,5 пайызын бағыттайды. Алғашқы бестікке Литва, Латвия, Эстония және Норвегия кіреді. АҚШ қорғаныс шығындарын 5 пайызға жеткізе алмаған одақтастарға кейін салдары ауыр болатынын ескертті.

Чарльз Купчан, Джорджтаун университетінің халықаралық қатынастар профессоры:

- Трамптың пікірінше, одақтастар АҚШ-тың мүмкіндігін пайдаланып отыр. Өз қорғанысына жеткілікті қаржы бөлмейді және қауіпсіздігін Вашингтонның есебінен қамтамасыз еткісі келеді. Сондықтан ол Германия, Ұлыбритания және Польшадан америкалық әскерді шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін. Әрине бұған оның партияластары қарсы шығуы ықтимал. Өйткені НАТО АҚШ-та кең қолдауға ие. Алайда Конгресс пен Пентагонның президенттің бұл әрекетін шектейтін нақты саяси тетіктері жоқ.

Ал саммитке төрағалық етіп отырған Түркия үшін бұл жиынның маңызы ерекше. Анкара елдің алдағы уақытта альянс ішіндегі жетекші елдің біріне айналуға дайын екенін мәлімдеді. НАТО-ның бас хатшысы бұған дейін Түркияның қорғаныс-өнеркәсіп кешені қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Түркия қазір АҚШ-тан кейінгі альянстағы саны жағынан екінші ірі тұрақты армияға ие мемлекет. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылдан бері оның қорғаныс шығындары 7 пайыз өсіп, 30 миллиард доллардан асты.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- НАТО саммитінен күтер басты үмітіміз – одақтастардың ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, альянс ішіндегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайту. Түркияның Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған зор үлесі кейде лайықты бағаланбай жатады. Біз альянстың еуропалық тірегін дамытуда маңызды рөл атқаратын елдердің біріміз және барлық бастамаларды қолдап отырамыз. Сондықтан Түркияның Еуропалық одақтың қорғаныс және қауіпсіздік бастамаларына қосылуына қолдау көрсетіледі деп үміттенеміз.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Украинаға қолдау көрсету. Президент Владимир Зеленский Анкарада Дональд Трамппен кездесуге ниетті. Келіссөздерден кейін АҚШ президенті Ресей басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, Киев пен Мәскеу арасындағы бейбіт үдерісті қайта жандандыру мәселесін талқылауы мүмкін. 

Авторы: Нұрбике Жігер

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz