RU
Толық нұсқаға өту

Еуроодақ Қытайдан келетін киімнің химиялық құрамын бірден тексеретін болды

08.07.2026, 08:17 49

Еуропалық Одақ арзан киім сататын онлайн платформаларға жаңа баж салығын енгізді.

Әсіресе қытайлық тауарларға қатысты кедендік бақылау күшейді. Өйткені тапсырыстың саны артқан сайын сапасы сын көтермей тұр. Киім-кешек, балаларға арналған ойыншық, тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттардың құрамынан күмәнді қоспалар анықталған.

Әрі арзан киім-кешек саудалайтын онлайн платформалар сән нарығындағы еуропалық компаниялардың тынысын тарылтты.

ЕО арзан тауар тасымалын бақылауды күшейтті

Еуропалық Одақ бағасы 150 еуродан төмен, арзан тауарларға 3 еуро көлемінде баж салығын енгізді. Жаңа ережелер Еуропалық Одаққа кірмейтін барлық елдерге қатысты. Әсіресе қытайлық тауарларға талап қатаң. Өйткені кейінгі 5 жылда Еуропалық Одақ елдеріне импорт көлемі екі есе артқан. Былтырдың өзінде жеткізілген тауарлардың жалпы құны 360 миллиард еуроға жетті. Яғни күн сайын өзі экспорттайтын көлемнен 1 миллиард еуроға артық тауар сатып алып отыр. Енді жаңа кедендік тәртіпке сәйкес, Еуропаға кіретін әрбір зат бойынша электрондық бақылау деректері ұсынылуға тиіс. Зерттеулерге сүйенсек, арзан бағадағы киім-кешектің 90%-дан астамы полиэстер, эластан және нейлон сияқты арзан синтетикалық полимерлерден жасалған. Негізінде мұндай киімдер – ыдырамайтын жұмсақ пластик. Уақыт өте келе олар микропластикке айналады. Бұған дейін бұл өнімдер зауыттан тұтынушыға тікелей жеткізіліп, Еуроодақ бекіткен зиянды химиялық заттарға қатысты шектеулерін айналып өтіп келді. Енді шекара қызметі жүктер Еуропаға кірмей тұрып, заңсыз химиялық заттардың мөлшерін тексеруге құқылы.

ЦИТАТА

- Халықаралық онлайн-сауда тұтынушыларға әлдеқайда қолжетімді. Алайда Еуропалық Одақ нарығына шығарылатын кез келген тауар қауіпсіздік талаптарына, тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаларына және экологиялық стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Біздің мақсатымыз – Еуропаға жеткізілетін өнімдердің Еуропалық Одақ аумағында өндірілген тауарлармен бірдей талаптарға сай болуын қамтамасыз ету.

Лора Клейс, Testachats тұтынушылар ұйымының өкілі

ЕО арзан тауар тасымалын бақылауды күшейтті 

Еуроодақтың көздегені сапасы төмен өнімдердің сатылымын тоқтату. Былтыр 6 миллиард арзан тауар импортталған. Кеден қызметтері мұндай ауқымды тауар легін тексеруге үлгермей отыр. Сонымен қатар Еуропалық комиссияның мәліметінше, өткен жылы жүргізілген тексеру импортталған тауарлардың шамамен 70%-ы, атап айтқанда ойыншықтар, косметика және электроника, Еуропаның қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Олардың құрамынан қорғасынның, фталаттардың және формальдегидтің қауіпті мөлшері анықталған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тауарлар өте улы болып келеді. Олар гормондық бұзылыстарға, балалардың дамуындағы кідірістерге және тіпті онкологиялық аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. 

ЕО қытайлық компанияға айыппұл салды 

Брюссель алымдармен ғана шектелмей, бизнеске қысымды күшейтуге көшті. Мамырда қытайлық Temu компаниясы қауіпті тауарларды заңсыз сатқаны үшін 200 миллион еуро көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Олардың қатарында ақауы бар электр құрылғылары мен балалар ойыншықтары да бар. Дегенмен компания өкілдері бұл шешіммен келіспейді. Әрі айыппұл мөлшерін "тым көп" деп есептейді. Соған қарамастан, тамыз айына дейін барлық олқылықтың орнын толтыруға арналған нақты іс-қимыл жоспарын ұсынуға тиіс. Ал бүгінде Еуропалық Одақта бұл платформаны 100 миллионға жуық адам пайдаланады.

ЦИТАТА

- Бөлшек сауда саласы Еуропада 30 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде бұл сектор арзан импорттың жаппай ағылуы салдарынан қысымға ұшырап, еуропалық сатушыларды бәсекеде тең емес жағдайға қалдырды. Бұл өзгерістердің мақсаты – еуропалық бизнес үшін әділ бәсекелестік жағдайын қалпына келтіру және тұтынушылардың қауіпсіздігін күшейту.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық Комиссияның төрағасы

Еуропалық стандарттарға сай болу үшін енді маркетплейстерге миллирдтаған шығындарды өз мойнына алуға немесе бизнес-жоспарын түбегейлі өзгертуге тура келеді. Мәселен, тікелей әуе рейстерінен бас тартып, Еуропадағы ірі қоймаларға инвестиция салуға мәжбүр болады. Кей компаниялар қазірден қамдануға кірісті. Мысалы, Shein Польшадағы Вроцлав қаласындағы қойма желісін кеңейтті. Бұл талаптар қарапайым тұтынушыларға да әсер етпей қоймайды. Жаңа тарифтер тауар бағасының қымбаттауына және жеткізу мерзімінің ұзаруына әкелуі мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz