Канада Азияға мұнай құбырын салады. Мұны Financial Times басылымы жазды. Қазір Оттава мұнайының негізгі тұтынушысы бұл – АҚШ.
Көршісі, Құрама Штаттарға тәулігіне 4 млн баррель қара алтын тасымалдайды. Бұл Америка тұтынатын энергетикалық шикізаттың – 60 пайызы. Олай болса, алушысы бола тұра мұнай өткізетін жаңа нарық іздеуінің себебі не, төркіні қайда жатыр?
Канада билігі Тынық мұхиты жағалауына дейін мұнай құбырын салуға ниетті. Ұзындығы – бір мың шақырымнан асады. «Ал құрылысын 2035 жылға қарай аяқтаймыз», - деп жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, Азия елдеріне тәулігіне бір миллион баррельге дейін мұнай экспорттайды. Премьер-министр Марк Карни: «мұны ғасырда бір туатын мүмкіндікке» теңеді.
Марк Карни, Канада Премьер-министрі:
- Канаданың болашағын айқындайтын бірегей мүмкіндік туды. Жаңа құбыр Тынық мұхиты арқылы әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан нарықтарға жол ашады.
Сарапшылар мұны экономикалық жобадан гөрі саяси шешімге балап отыр. Өйткені қазір Канада өнімдерінің 70 пайызын АҚШ-қа экспорттайды. Алайда Президент Трамп билікке келе сала Оттава үкіметіне шүйлікті. «Баж салығын 100 пайызға өсіреміз, тіпті Канада Құрама Штаттардың 51 штаты болуы керек», - деп сес көрсеткен еді. «Сондықтан премьер-министр Марк Карни Америкаға тәуелділіктен арылғысы келеді», - дейді сарапшылар.
Филипп Лагассе, Карлтон университетінің доценті:
- Канада экономикалық қарым-қатынасты сақтап қалу үшін кішірейе берсе, егемендігін жоғалту қаупі де соншалықты арта түседі. Өз мүддесіне сай шешім қабылдау мүмкіндігінен айырылса, Канада қағаз жүзінде ғана тәуелсіз ел болып қалады.
Бұған дейін Канада экспортының 85 пайызы АҚШ-тың баж салығынан босатылған еді. Алайда таяуда екі ел арасындағы еркін сауда жөніндегі келісімнің мерзімі аяқталды. АҚШ мұны әзірге ұзартуға келіспей отыр. Келісімнің бұзылуы Канада экономикасының өсу қарқынын тежейді. Сондықтан Оттава билігі әлемдегі мұнайдың негізгі тұтынушысы – Қытаймен алыс-берісті арттырғысы келеді.
Кен Морицугу, Associated Press сарапшысы:
- Премьер-министр Марк Карни Канаданың саудасын әртараптандыруға мүдделі. Ал Қытай – Оттаваның АҚШ-тан кейінгі екінші сауда серіктесі. Карни бұл нарықты екі есе ұлғайтуға ниетті.
Қытай, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея әлемдік мұнайдың 35-40 пайызын тұтынады. Яғни ең ірі тұтынушы саналады. Сондықтан Канаданың Азияға құбыр салуы бекер емес. Өйткені әлемде шикізатпен бірге нарық үшін де бәсеке арта түскен.
Авторлары: Динара Қуандыққызы, Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Канада #Азия #мұнайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz