Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс қайта ушықты.
Кейінгі екі тәулікте қос мемлекет бір-біріне шабуылды үдете түсті. Вашингтон атысты тоқтату режимін енді сақтамайтынын мәлімдеді. Бұған екі ел бірін бірі кінәлап жатыр. Тараптар түпкілікті келісімнен әлі алыс тәрізді.
Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні АҚШ Иран аумағындағы 80-нен астам нысанаға соққы жасады. Қарауылға әуе қорғанысы жүйелері, радар және 60-тан аса дрон қайық ілінді. Операция Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдарға қарсы қарымта жауап болды. Тегеран да қарап қалмады. Уақыт оздырмай, Кувейт пен Бахрейндегі америкалық нысандарды зымырандармен атқылап, дрондар ұшырды. Осыдан кейін Дональд Трамп енді Вашингтон бұған дейін келіскен атысты тоқтату режимін сақтамайтынын ескертті. АҚШ күштері Иранға қарсы тағы бір жойқын соққы беруге дайындалып жатқанын жариялады.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Біздің мақсатымыз Иранның ядролық қаруды алуына тосқауыл қою. Бірақ түбінде мәмілеге келеміз бе, жоқ па, оны білмеймін. Мүмкін бұл мақсатымызға келісімсіз-ақ қол жеткізерміз. Бұл әлдеқайда оңайырақ. Біз ауқымды шабуыл жасап жатқан жоқпыз. Мұндай операция барлық көпірлер мен электр станцияларын қиратуды қамтып, Иран бұған қарсы тұра алмас еді. Қажет болса, осындай қадамға бара аламыз, бірақ мен мұны қаламаймын.
Президент Трамп Иранға қарсы теңіз блокадасын қайта енгіземін деп сес көрсетті. Тараптар арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес уақытша алынып тасталған Иран мұнайына қатысты санкцияны да қайта енгізді. Шабуылды жалғастырып, ислам мемлекетінің әуе қорғанысы жүйелері мен зымыран мен дрон қоймаларын және логистикалық инфрақұрылымды бомбалады. Екі күндге созылған шабуылдан шамамен 14 адам қаза тауып, 80-ге жуық адам зардап шекті.
Джей Ди Вэнс, АҚШ вице-президенті:
- Егер Иран кемелерге шабуыл жасауды тоқтатса, біз блокаданы алып тастаймыз деп келіскен едік. Бірақ шабуылдар жалғаса берсе, біз қатаң жауап береміз. Иран тарапы өз сөзінде тұрған жоқ. Мәселе осында. Президент Трамп «Ормуз бұғазы ашық болады» деп ескерткен еді. Бұл мұнай мен газ үздіксіз жеткізіледі және бензин бағасы төмендейді деген сөз.
Ал ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, Иран күштерінің Ормузда кемелерге шабуыл жасауына олардың Ислам мемлекеті белгілеген транзит бағыттарын сақтамауы себеп болған. Тегеран бұғаз тек біз ұсынған шарттардың негізінде ғана ашылады деп отыр.
ЦИТАТА:
Мұхаммед Багер Ғалибаф, Иран Парламентінің спикері
АҚШ әлі күнге дейін қоқан-лоқы жасау мен міндеттемелерді бұзу жауапсыз қалмайтынын түсінген жоқ. Ашық айтайын, егер соққы жасасаңыздар, оған міндетті түрде жауап аласыздар. Пайдасыз әрекеттерге барудың қажеті жоқ, әйтпесе, жағдай одан әрі ушығады. Ормуз бұғазы Құрама Штаттардың қысымымен емес, тек Иран шарттары бойынша ғана қайта ашылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы тараптарды диалогқа қайта оралуға шақырып, Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеудің жалғыз жолы – дипломатия екенін еске салды. Алайда тараптар бір мәмілеге келуге асығатын емес.
Мөлдір Жақан
Тегтер #АҚШ Иран #Иранмен соғыс #24KZ #Таяу ШығысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz