RU
Толық нұсқаға өту

Ғалымдар топырақтан электр қуатын алды

12.07.2026, 09:36 35

Британиялақ ғалымдар топырақтан қуат алды. Тың технология үйді толықтай жарықпен қамтамасыз етуге әзірге күші жетпейді. 

Алайда ауыл шаруашылығында қолданылатын шағын құрылғыларды қуаттайды. 

Ғалымдар топырақтан қуат алу үшін мына саңырауқұлақ тәрізді  құрылғыны жерге көміп тастайды. Содан жердегі микроағзалар органикалық заттарды ыдыратқан кезде электрондар бөлінеді. Арнайы құрылғы сол электрондарды тоққа айналдырады. Ғалымдар жаңа технологияны зертханада емес, табиғи ортада сынақтан өткізгенін айтады.

Якуб Джегеловски, Bactery компаниясының негізін қалаушы:

- Зертханада белгілі бір нәтижеге қол жеткізу бір бөлек, ал сол нәтижені нақты өмірде қайталау мүлде басқа дүние. Сондықтан зертханалық көрсеткіштерді шынайы ортада да дәлелдей аламыз ба деген сұраққа ерекше мән бердік.

Ерекшелігі сол, бұл құрылғы 30 жыл тиімді жұмыс істей алады. Бір мезетте 10 саусақ батареясының қуатына тең тоқ өндіреді. Ғалымдар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Оның қуатын алты есе арттыруға ниетті.

Юэн Комфорт-Кейр, Bactery компаниясының инженері:

- Әлемнің әр жерінде климат та, топырақ та әртүрлі. Сондықтан біз бұл құрылғыны кез келген ауа райына бейімдегіміз келеді. Жаңбыр жауса немесе күн ысып кетсе де, жұмысын тоқтатпайды. Кәдімгі батареяларға қарағанда әлдеқайда ұзақ жұмыс істейді.

Қазір әлемде электр қуатына сұраныс артып келеді. Ал бақшаға орнатылған мұндай құрылғы шығынды азайтуға сеп болары анық. Сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмейді. «Яғни жасыл энергетиканың дамуына серпін береді», - дейді мамандар. 

Якуб Джегеловски, Bactery компаниясының негізін қалаушы:

- Мәселен, күн панельдері түнде жұмыс істемейді. Ал біздің жүйе тәулік бойы электр қуатын өндіреді. Сондықтан күн панельдеріне қосымша қуат көзі бола алады. 

Ғалымдар алда топырақтан қуат алатын батареяларды қолданысқа енгізуге ниетті. «Тіпті көп ұзамай нарыққа шығарамыз», - деп отыр. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz