Қытайда аптап ыстық күшейді.
Кейбір аймақтарда ауа температурасы рекордтық деңгейге көтерілді. Салдарынан ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында жұмыс қарқыны бәсеңдеді. Ең ыстық жер елдің солтүстік-батысындағы Турфан таулы аймағында тіркелді. Жердің беті 84 градусқа дейін қызып, қар мен мұздықтар жылдам еріп жатыр. Елдің ұлттық метеорологиялық орталығы дабылды ескерту жариялады.
Қытайда аптап ыстық. Елдің кейбір аймақтарында ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Ал Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жердің беті 84 градусқа дейін ысып экстремалды деңгейге жетті. 12 метрлік алып термометрдің сынап бағанасы жағдайды анық көрсетіп тұр. Жоғары температураның ұзақ сақталуынан Кунлунь тауларындағы қар шамадан тыс еріп жатыр. Салдарынан өзен-көлдер тасып, жергілікті инфрақұрылымды шайып кетті. Көлік қозғалысы шектеліп, шаруаларға ескерту берілді. Қазір ел билігі түрлі шектеу енгізіп, қауіпсіздікті күшейткен.
Ли Чанчжэнь, санитарлы-экологиялық бақылау бюросының директоры:
- Дәл қазір ауа температурасы 35 градустан асып тұр. Ауаның 95 пайызға дейінгі ылғалдылығын ескерсек, температура өте жоғары болып сезіледі. Қазір ашық аспан астында жұмыс істейтін жұмысшылардың кестесі қысқартылды. Кезекпен ауысым бойынша жұмыс істеуге мәжбүр.
Хэбей мен Хэнань аймақтарында аптап апшыны қуырып барады. Күннің ысығаны соншалық жергілікті жұрт сыртқа шығудан қалды. Синоптиктер мұны континентальді антициклонмен байланыстырып отыр. Ал елдің солтүстік бөлігінде ауыл шаруашылығы саласы аптаптың зардабын тарта бастады. Бордақылау алаңдарында тұрған төрт түлік жем-шөп жеуден қалған. Қора ішін салқындату үшін арнайы техникамен су бүркіп амалдап отыр. Қаладағы жағдай да дәл осындай.
Цао Луфэй, тазалық жөніндегі компанияның менеджері:
- Қала көшелерін күніне 7 рет жуамыз. Бірақ әп-сәтте құрғап, жасыл желек қурап барады. Дегенмен, су бүркіп ауаны біршама салқындатудан басқа шара жоқ.
Қолайсыз ауа райының сақталуына байланысты құрылыс алаңдарында да жұмыс қарқыны бәсеңдеді. Салаға жауапты мекемелер құрылыс компанияларына қауіпсіздік талаптарын күшейтті. Күндіз жұмыс уақыты екі сағаттан асып жатқан жоқ.
Сюй Цзянь, курьер:
- Күн өте ыстық. Сыртта 1 сағаттан артық жүру мүмкін емес. Бұл біздің жеткізу қызметінің жұмысын тежеп отыр. Әрбір тапсырыстан кейін міндетті түрде салқындауға арналған орынға кіріп тынығамыз.
Ел астанасы Бейжіңде де жағдай мәз емес. Сынап бағанасы 35-40 градусқа дейін көтеріліп тұр. Жұрт ашық аспан астында жүруден қалды. Қытайдың ұлттық метеорологиялық орталығы елдің басым бөлігінде ыстық ауа райы бір аптаға дейін жалғасатынын мәлімдеді.
Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #Қытай #аптап ыстық #мұздықтар #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz