Шілденің шіліңгір ыстығы жаһан жұртын әбігерге салып тұр. Бірқатар елде кісі шығыны көбейіп, орман өрті жиілеп, ауызсу тапшылығы күшейді.
Кей өңірлерде билік төтенше шаралар қабылдауға мәжбүр. Қолайсыз күн райынан әсіресе АҚШ, Франция, Германия және Үндістанда мыңдаған адам зардап шегіп отыр. Ғалымдар 2023 жылы тіркелген рекордтық температура биыл жаңаруы мүмкін деген болжам жасады.
АҚШ-тың орталық және шығыс өңірлерін аптап ыстық жайлады. Қауіпті күн райына байланысты 185 миллионнан астам тұрғынға ескерту жарияланды. «Кей аймақтарда сынап бағанасы +46 градусқа дейін көтеріледі», - дейді мамандар. Жоғары температураның салдарынан электр энергиясын тұтыну күрт артып, электр желілеріне түсетін жүктеме көбейді. Осыған байланысты кей өңірлерде электр қуатын тұтынуға уақытша шектеулер енгізілді.
Германияда маусым айының соңында ауа температурасы 41 градустан асты. Бұл ел үшін рекордтық көрсеткіш. Жыл басынан бері ыстықтан 5 мыңға жуық адам көз жұмған. Алайда мамандар нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Мюнхеннің ресми мәліметінше, соңғы апталардағы ыстық ауа райы салдарынан қала мен оның маңындағы елді мекендерде ауызсуға сұраныс күрт артқан. Қала әкімдігі тұрғындарды ауызсуды барынша үнемдеуге шақырып, бірқатар шектеу енгізді.
Францияда кейінгі 25 жылда болмаған аптап ыстық тіркелді. Елдің 49 департаментінде ең жоғары – қызыл деңгейдегі қауіп жарияланды. Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градустан асты. Аптапқа байланысты бірқатар туристік нысандардың жұмыс уақыты қысқартылды. Мәселен, Эйфель мұнарасы демалыс күндері сағат 16:00-де жабылады. Лувр музейі де күн сайын жұмысын сағат 16:00-де аяқтайды. Ал Орсе музейі келушілерді сағат 17:00-ге дейін ғана қабылдайды.
Үндістанда күн 50 градусқа дейін ысыды. Мұндай ми қайнатар күн райы қан қысымының төмендеуі және күн өту қаупін арттырады. Мамандар қажеттілік болмаса сыртқа шықпауға және суды көбірек ішуге кеңес берді. Әсіресе жүкті әйелдерге ерекше сақ болуды ескертіп жатыр. Өйткені ыстықтың беті әзір қайтпайтын көрінеді.
Авторы: Динара Қуандыққызы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #аптап ыстық #әлемде #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz