RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ – Иран арасы қайта ушықты

13.07.2026, 15:20 36

Парсы шығанағындағы текетірес қайта ушықты. АҚШ-Иран арасындағы келісім күшін жойып, тараптардың бір-біріне шабуылы үдеді.

Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен ары қарай келіссөздерді жалғастырғысы келмейтінін мәлімдеген болатын. Артынша Ирандағы бірнеше нысанды атқылады. Иран да бұған жауап ретінде Иордания, Кувейт, Бахрейндегі АҚШ-тың әскери базаларына зымыран ұшырды. 

Бұл дауға түрткі болған тағы да Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы.  Иранның Оман жағалауына жақын маңдағы контейнерлік жүк кемелерге жасаған соққысы АҚШ-тың ызасын келтірді. Ресми Тегеран АҚШ арадағы бітімнің тармақтарын бұзды деп есептейді. Ал, АҚШ бұғаздағы қозғалысты Иранның бақылағанын құп көрмейді. Сөйтіп, АҚШ Ирандағы 140 нысанға, соның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, радиолокациялық станцияларды, зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты жабдықтарды, сондай-ақ шағын кемелерге үдете соққы жасады. Бұл кейінгі бір аптадағы ауқымды операция болды.

Centcom, АҚШ орталық қолбасшылығы:

- Иран Ормуз бұғазын бақыламайды. Ол халықаралық су жолы болып қала береді. АҚШ күштері оның осы мәртебесін сақтап қалуға дайын әрі қажетті орындарда орналасқан.

Тараптардың мүддесі дәл осы тұста тоғыспай тұр. Тегеран Ормуз бұғазын тек өзі бақылайтынын тіпті кемелерден ақы алуға құқылы екенін мәлімдеді. Артынша Бахрейн, Кувейт, Қатар, Иорданиядағы әскери базаларды  зымырандармен  атқылады.  Жағдайға қатысты Тегеран мен Батыс арасындағы делдал қызметін атқарып келген Оман бұл шабуылдарды қатаң сынға алды. Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан да ескерту айтылды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:  

- Парсы шығанағындағы әскери қақтығыстардың қайта өршуіне соның ішінде Иранның Ормуз бұғазындағы кемелерге жасаған шабуылдарына, АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларына және Иранның көршілес елдердегі нысандарға жасаған шабуылдарына қатты алаңдаушылық білдіремін. Кең ауқымды әскери іс-қимылдардың қайта басталуы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік, сондай-ақ жаһандық экономика үшін апатты салдарға әкелуі мүмкін. Иран мен АҚШ-ты келіссөздерді шұғыл түрде қайта бастауға шақырамын.

Иран мен АҚШ соғысты толық тоқтату туралы келіссөздерді бастауға арналған уақытша келісімнің 60 күндік мерзімінің орта тұсына жақындаған еді. Алайда бұл келісім бейбіт келіссөздерге емес, Ормуз бұғазы мен оның болашағына қатысты өзара талас-тартысқа ұласты. Президент Дональд Трамп өткен аптада соғысқа қатысты уақытша келісімнің аяқталғанын мәлімдеді. Соған қарамастан Пәкістан, Қатар және Мысыр сынды араағайын елдер соғысты түпкілікті тоқтату туралы келісімнен әлі де үмітті.

Авторы: Фариза Жанғанаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz