Адам баласы былай тұрсын, судағы тіршілік те ыстықтың зардабын тартып жатыр.
Мұхиттар мен теңіздер ысып барады. Мұхиттардағы температура рекордтық деңгейге жетті. Сарапшылардың айтуынша, бұл Эль-Ниньо құбылысының салдары. Бұлай жалғаса берсе, су түбіндегі балық атаулы қырылып, экожүйе бұзылады. Қазірдің өзінде балық ұнының өндірісінде кеңінен қолданылатын анчоус балығы азайған. Соның салдарынан баға шарықтады.
Жаһандық мұхит жылып барады
Жаһандық мұхиттардағы су температурасы 20,86 градусқа жетті. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Әсіресе Жерорта теңізі мен Тынық мұхиты қалыптан тыс жылыған. Ғалымдар осының салдарынан су түбіндегі кейбір тіршілік иелері жаппай қырылуы мүмкін екенін ескертеді. Ұлыбританияның метеорологиялық қызметінің мәліметіне сүйенсек, елдегі аумақтық сулардың жылынуы қауіпті деңгейге жеткен. Синоптиктер бұған Еуропадағы аптап ыстық едәуір әсер еткенін айтады. Теңіздегі температураның ысуы ұзаққа созылса, жаңа популяциялар қалыптасуы бек мүмкін. Бұл өз кезегінде экожүйелердің табиғи тепе-теңдігін бұзады.
ЦИТАТА
Сеголен Берту, метеорология басқармасының атмосфера және мұхиттың өзара әрекеттесуі жөніндегі маманы
Құрлықтағы екі аптап ыстық кезеңінің арасында мұхит салқындап үлгермеді. Мұхиттар Жер жүйесіндегі артық энергияның 90%-дан астамын сіңіреді. Оның негізгі көзі – қазба отындарын жағу. Бұл Ұлыбританияда биыл тіркелген үшінші әрі ең қарқынды теңіздегі жылу толқыны. Су температурасы орта есеппен қалыпты деңгейден 2°C-қа жоғары, ал кейбір аймақтарда 4–5°C-қа артып, қауіпті деңгейге жеткен. Әзірге бұл құбылыстың жақын арада аяқталатынын көрсететін ешқандай белгі жоқ.
Әлемде балық ұны қымбаттады
Су температурасының көтерілуінен Перудегі анчоус балығы күрт азайды. Бұл туралы The Times газеті хабарлады. Перулік анчоус анчовета балық ұнының өндірісінде кеңінен қолданылады. Өйткені Перуде анчоветаның мол қоры бар. Эквадор және Чилимен бірге әлемдік балық ұны өндірісінің үштен біріне жуығын қамтамасыз етеді. Кейінгі кезде анчоустарды аулау көлемі азайғандықтан әлемдік балық ұны өндірісі бір жылда шамамен 40%-ға төмендеді. Биыл Перу анчоус популяциясының қалған бөлігін сақтап, қорды қалпына келтіру мақсатында анчоус аулауға қатысты қатаң шектеулер енгізді. Салдарынан балық ұнының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға өсті. Эль-Ниньо құбылысы шарықтау шегіне, әдетте, жыл соңында жетеді. "Сондықан баға одан әрі қымбаттауы мүмкін" дейді сарапшылар.
ЦИТАТА
Майк Фон Массоу, азық-түлік саласы бойынша экономист:
- Біз тұтынатын балық пен теңіз өнімдерінің шамамен үштен екісі балық ұны қосылған жем арқылы өсіріледі. Өндірушілер анчоусты соя сияқты өсімдік ақуызымен алмастыруға тырысады. Алайда бұл ақуыздардың құрамы анчоустың ақуызымен бірдей емес. Жемнің қоректік құрамы өзгереді, сәйкесінше, оны тұтынатын балықтың да тағамдық сапасы төмендейді. Ондағы омега-3 май қышқылдарының мөлшері аз болады.
Әлемде аквашаруашылық өндірісі артты
Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының жаңа деректеріне сүйенсек, әлемдік аквашаруашылық өндірісі 2024 жылы 103 млн тоннаға жеткен. Бұл рекорд. Ал кәсіптік балық өндірісінің көлемі 92 млн тоннаға дейін барды. Аквашаруашылық дүниежүзінде ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі әрі әлем халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Балық, моллюскі және шаянтәрізділер сияқты су жануарларынан өндірілетін өнімнің 89%-ы тікелей адам тұтынуына арналған. Сарапшылар алдағы жылдары аквашаруашылық өндірісі, тұтыну және сауда көлемі одан әрі артатынын айтады. Болжамдарға сүйенсек, 2034 жылға қарай теңіз өнімдерінің жалпы өндірісі 214 миллион тоннаға жетеді. Бұл дегеніміз жан басына шаққандағы теңіз өнімдерін тұтыну көлемі 22 келіге жуықтайды. Қазір бұл көрсеткіш 21,3 келі деңгейінде.
Мануэль Баранж, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бас директорының орынбасары:
- Аквамәдениет өндірісінің географиялық таралуы біркелкі емес. Өндірістің шамамен 90 пайызы Азияның үлесінде. Ал өзге құрлықтарда көрсеткіш өте төмен. Мысалы, Африкаға әлемдік өндірістің шамамен екі жарым пайызы ғана тиесілі. Егер кейбір өңірлердің табысты тәжірибесін басқа аймақтарға енгізе алсақ, болашақта үлкен мүмкіндіктер туады. Нәтижесінде азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды. Халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етіп, ақуызға бай тағамдарға қолжетімділікті арттыра аламыз.
Дегенмен, мәселе тағы климаттың өзгеруіне келіп тіреледі. Мамандардың айтуынша, көмірқышқыл газы шығарындылары жоғары деңгейде болса, 2050 жылға қарай әлемнің бірқатар өңірінде кәсіптік балықтардың жалпы биомассасы кемінде 10%-ға қысқаруы мүмкін.
Мөлдір Жақан
Тегтер #мұхит #теңіз #климат өзгерісі #балық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz