Еуропалық Комиссия Газаны қалпына келтіруді өз қолына алды. Ол үшін құны 1 миллиард доллар тұратын бағдарламаны іске асырмақ.
Бастамаға Дүниежүзілік банк, Еуропалық инвестициялық банк, кәрі құрлықтағы 13 мемлекет пен Жапония қатысып жатыр. Алдағы уақытта Австралия мен Канада қосылады. Брюссельде бас қосқан донор елдер Газа секторында әуелі сумен жабдықтау, қалдықтарды шығару, ауыл шаруашылығы саласы, кәріз және денсаулық сақтау жүйесін қалпына келтіруді көздеп отыр.
Дубравка Шуица, Жерорта теңізі мәселелері жөніндегі еурокомиссар:
- Газаны толық қалпына келтіру үшін шамамен 70 млрд доллар қаржы қажет. Әрине біз ұсынып отырған қаражат жеткіліксіз. Бейбіт бітімнен, әзірге, қайыр болмай тұр. Алайда біз жағдайдың тұрақталғанын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Жедел іске кірісу қажет. Бұл – біздің Газа және Батыс жағалаудағы халықты қолдайтынымыздың белгісі.
Газа гуманитарлық көмекке мұқтаж
Кейінгі деректерге сүйенсек, соғыс салдарынан Газа секторында 371 мыңнан астам тұрғын үй қираған. Ауруханалардың жартысы жұмыс істемейді. Барлық дерлік мектеп зақымданды. Біріккен ұлттар ұйымы Газада жиналып қалған үйінділер 60 миллион тоннаға жуықтайтынын айтады. Қоқысты шығаруға ғана 7 жыл кетсе, миналардан тазарту үшін одан да көп уақыт қажет. Бұдан бөлек, аймақта ауызсу тапшы. Ал ФАО мәліметтеріне сүйенсек, ұйымға 4-ші маусымнан кейін мал жемін кіргізуге рұқсат етілмеген. Ақпан айының басынан бері жем бағасы кемінде екі есе өсті. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін одан әрі ушықтырды. Гуманитарлық ұйымдар өңірдегі тұрақcыздық аясында бірқатар шектеулерге тап болғанын айтады.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:
- ХАМАС халықаралық ұйымдардың Газаға гуманитарлық көмек ұсынуына кедергі келтіріп отыр. Онымен қоймай, ұйым қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсетіп, қауіп төндіріп отыр. Өткен аптада Газа секторының солтүстігіндегі азық-түлік тарату пунктіне қарулы топ баса-көктеп кірді. Сол себепті гуманитарлық ұйым қызметкерлері өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
ЕО Израиль қоныстарына санкция енгізеді
Қазір Иордан өзенінің Батыс жағалауында шамамен 530 мың израильдік қоныстанушы тұрады. Еуроодақ заңсыз қоныстарға қарсы ауқымды санкция енгізуді жоспарлап отыр. Алайда 27 мемлекеттен тұратын блок Израильдің бұл саясаты халықаралық құқыққа қайшы екенін мойындаса да, әзірге, бір мәмілеге келе алар емес. Германия израильдік қоныс тауарларының импортына шектеу қоюға қарсы. Берлин Тель-Авивпен келіссөз жүргізіп, мәселені дипломатия арқылы шешуге ниетті. Алайда Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша жоғары төрағасы Кая Каллас сауда шектеулерін енгізу үшін Одақ тұрғындарының кемінде 65 пайызын қамтитын 15 ел келісім берсе жеткілікті екенін атап өтті.
Мұхаммед Мұстафа, Палестина автономиясының премьер-министрі:
- Газадағы соғыстан кейін қирандылардан басқа ештеңе қалмады. Қанды қақтығыс мыңдаған адамның өмірін қиып, саяси, экономикалық, әлеуметтік және қауіпсіздікке қатысты күрделі мәселелерге алып келді. Ал Батыс жағалауда еврей қоныстары барған сайын кеңейіп жатыр. Алайда Израиль әскері палестиналық аумақтан шығарылмайынша, мардымды нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.
Алайда Израиль аймақтан әскерін шығаруға асығар емес. Бүгінде Тель-Авив Газа секторы аумағының шамамен 70%-ын бақылауда ұстайды. Ал Шығыс Иерусалимде 450 тұрғын үй салуды көздеп отыр. Жаңа жоба аясында 2 мыңдай израильдік осы маңға көшірілуі мүмкін.
Тегтер #Еуроодақ #Газа #инвестициялық банкPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz