RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдік тұрғын үй нарығында түйткіл көп

15.07.2026, 09:39 34

Осы қарулы қақтығыстар мен табиғи апаттардың кесірінен әлемде 3 млрд адамның тұрақты баспанасы жоқ. 

Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Екі жыл бұрын 123 млн.-нан аса адам босып кеткен. 

Болжамға сүйенсек, 2040 жылға қарай табиғи апаттардың салдарынан 167 миллион тұрғын үйдің қирау қаупі бар. Ал бірқатар елде үй-жайлардың едәуір бөлігі өткен ғасырда салынғандықтан, оларды жаңарту күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. 

АҚШ-та қолжетімді баспана аз. Сосын қымбат. Кейінгі онжылдықта жаңа тұрғын үй құрылысы халық саны мен сұраныстың өсуіне ілесе алмай келе жатыр. Әсіресе Нью-Йорк, Сан-Франциско, Лос-Анджелес сияқты ірі қалаларда жердің қымбаттығы, құрылыс ережелерінің күрделілігі және рұқсат алудағы қиындықтар жаңа үйлер құрылысын тежеп отыр. Оның үстіне тұрғын үй қорының басым бөлігі ескірген. Тозығы жеткен. Қабырғасы 40 жыл бұрын қаланған көне нысандар көп. Мәселені шешу үшін мемлекет табысы төмен азаматтарға тұрғын үй көмегін береді, құрылыс компанияларына салықтық жеңілдіктер ұсынады және ескі ғимараттарды жаңғыртуға қаржы бөледі.

Еуропада үйлердің дені әбден ескірген. Ғимараттардың 35%-дан астамы 50 жыл бұрын салынған. Олардың шамамен 75%-ы энергия тиімділігі талаптарына толық сәйкес келмейді. Жөндеу үшін қыруар қаражат керек. Қазір де Еуропаның ірі қалаларында қолжетімді тұрғын үй тапшылығы өткір тұр. Лондон, Париж, Амстердам, Берлин сияқты қалаларда үйдің бағасы мен жалдау ақысы халықтың табысынан да жоғары. Кей елдерде тұрғындар тапқан  табысының 30-40%-дан астамын тұрғын үй шығындарына жұмсайды. Еуропа бұл мәселені ескі үйлерді бірден бұзбай, қайта жаңғырту арқылы шешуге тырысады. Германия, Франция, Австрия сияқты елдер тұрғын үйді жаңартуға субсидия бөліп, әлеуметтік тұрғын үй құрылысын дамытуға басымдық береді. 

Жапонияда жер сілкінісі көп болатындықтан, тұрғын үй құрылысына қатысты талап қатаң. Бұл елде 1981 жылы құрылыс стандарттары толықтай өзгертілді. Ал оған дейін салынған ғимараттардың көпшілігі қазіргі сейсмикалық талаптарға сай емес. Ресми деректерге сүйенсек, қазір Жапонияда 9 миллионнан астам үй қаңырап бос қалған. Бұл тұрғын үй қорының 14%-ы. Үйлердің бір бөлігі ескі және тозған болса, енді бір бөлігі толық жарамды, бірақ иесіз не болмаса пайдаланылмай тұр. Апатты деп танылғандары бұзылады немесе арнайы мемлекеттік субсидия арқылы қайта жаңғыртылады. Шығындардың 50-80%-ын мемлекет пен жергілікті әкімдіктер өтейді. 

Авторы: Фариза Жанғанаева

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz