RU
Толық нұсқаға өту

Францияда әскери шеру өтті

15.07.2026, 10:01 47

Франция бүгін ұлттық мерекесі – Бастилияны алу күнін атап өтіп жатыр. Париждегі Елисей алаңында ел президенті және шетелдік қонақтардың қатысуымен дәстүрлі әскери шеру өтті. 

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Елисей алаңындағы әскери шеру – Францияның бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан дәстүрі. Осылайша, француздар Бастилияны алу күнін атап өтеді. Бұл күн Француз революциясының басталуы мен қазіргі республиканың қалыптасуының символы саналады. Биыл мерекеге халық ерекше көп жиналды. Префектура 20 мың көрермен күтсе, шараға тіркелгендердің саны 50 мыңға жетті.

Биылғы әскери шеруге халықаралық қауымдастықтың назары ерекше ауды. Парижге Украинаны қолдау мәселесін талқылауға келген бірқатар еуропалық көшбасшы да салтанатты шараға  қатысты. Олардың қатарында Украина Президенті Владимир Зеленский, НАТО мен Еуроодақ өкілдері, сондай-ақ Қазақстанды қоса алғанда, серіктес елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары болды. Эммануэль Макрон президент ретіндегі соңғы әскери шеруде Қарулы күштердің құрмет қарауылын қабылдады.

Дәстүр бойынша шерудің әуе бөлігін Patrouille de France пилотаж тобы ашып, Париж аспанын Франция туының түсіне бояды. Биыл шеруде 300-ден астам әскери техника, 98 ұшақ және 33 тікұшақ көрсетілді. Сонымен қатар биыл Франция Әскери-теңіз күштерінің 400 жылдығына және Еуропадағы одақтастардың құрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше мән берілді.

Элен, Париж тұрғыны:

- Осындай шерулердің  талайын көрдім. Жак Ширактың сайлауынан кейін өткен  шеру әлі есімде. Бүгін де керемет өтіп жатыр. 14 шілде – республикамыз үшін маңызды күн.

Максанс, Париж тұрғыны:

- Қуаныштан бойымды адреналин кернеп тұр, жақсы кадрлар түсіремін деп фотоаппаратымды ала келдім. Трибунаға жақын жерден көру үшін алдын ала тіркеліп те қойдым.

Әскери шеру аяқталғанымен, мерекелік шаралар мұнымен шектелмейді. Париж бен Иль-де-Франс өңірінде тегін концерттер, халықтық серуендер мен дәстүрлі өрт сөндірушілер балдары өтіп жатыр. Дегенмен аптап ыстық пен қауіпсіздік талаптарына байланысты биыл мерекелік бағдарламаның бір бөлігі қысқартылды. Ал Францияның басты отшашуы биыл қалыптасқан дәстүрден сәл ерте, яғни 13 шілденің кешінде ұйымдастырылды. Мұндай шешім осыдан тура он жыл бұрын Ниццада болған лаңкестік шабуыл құрбандарын еске алу мақсатында қабылданды.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz