RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстік Кореяда роботтар қызмет көрсететін дәмханалар көбейді

15.07.2026, 10:05 43

Оңтүстік Кореяда роботтар кофе қайнатып, кеспе пісіреді. Құлтемір қызмет көрсететін дәмханалар мен дүкендер көбейді. 

Иә, технологияның дамығаны жақсы. Алайда еңбек нарығына әсері қалай болады? 

Оңтүстік Кореяда тапсырыс қабылдап, сусын әзірлеу енді адамның емес, роботтың міндетіне айналды. Артықшылығы сол, темір көмекші демалысқа шықпайды. Күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істейді. Бастысы, жалақы сұрамайды. 

Ким Тэ Хён, жергілікті тұрғын:

- Қызметкерсіз дәмханаға алғаш рет келіп тұрмын. Бұрын автоматтан кофе алғанда дәмі көңілімнен шықпайтын. Ал робот дайындаған сусын кәдімгідей сергітеді. Енді осы дәмхананың тұрақты клиенті боламын.

Бұрын әр дәмханада кофе қайнататын кемі 1-2 қызметкер жұмыс істейтін. Қазір иесі небәрі бір сағатқа тексеруге ғана келіп кетеді. Кофе дәндерін, бәліштерді толтырып, ішін тазалайды. Қазір жұмысшы табу қиын. Табылса да, жоғары жалақы сұрайды. 

Ким Дон Джин, дәмханалар желісінің бас директоры:

- Тамақтану саласында жоғары қызметкер тұрақты әрі сапалы жұмыс істеу үшін жоғары жалақы төлеу керек. Оның үстіне қазір клиентті күлімдеп қарсы алатын жұмысшы табу оңай шаруа емес. Құлтемірді пайдалана бастамуымыздың бір себебі де осы. 

Алдағы уақытта робот сусын ғана әзірлеп қоймайды. Сауалдарға жауап береді, керек болса, пікір таластырады. «Алайда бұл күнге жету үшін алдымен техникалық мәселелерді шешу керек», - дейді кәсіпкер. 

Ким Дон Джин, дәмханалар желісінің бас директоры:

- Қазір ғалымдар жасанды интеллектінің ақыл-ойын жетілдіріп жатыр. Болашақта темір көмекші сөйлесетін болады. Мысалы, бейнекамера арқылы тұрақты келетін клиенттерді танып: «Қайта келгеніңіз үшін рақмет. Бүгін сізге шағын сыйымыз бар», - дей алады. Кім білсін, келешекте жасанды интеллекттің өзі де дүкен иесіне айналса, таң қалмаймын.

Қазір Оңтүстік Кореяда қызметкерсіз дәмханалар ғана емес, гүл дүкендері, киім сататын сауда орындары да ашылып жатыр. Мұның бірнеше себебі бар. Оңтүстік Корея халқы жылдан жылға қартайып барады. Ал, бала туу көрсеткіші өте төмен. 2072 жылға қарай тұрғындар саны 52 млн-нан 36 миллионға дейін азаюы мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ робот жұмыс істейтін дәмханалардың таза табысы 40 пайыздан асады. Ал, жұмысшы жалдайтін кәсіпкерлердің пайдасы небәрі 10-15 пайыз екен. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz