АҚШ Иранға осымен үшінші күн қатарынан шабуыл жасады. Парсы мемлекетінің әскери-теңіз күштері бұдан едәуір зиян шекті.
Әуе соққылары ұзын ырғасы 90-нан аса нысанға дөп тиген. Ресми Вашингтон мәліметінше, Ормуз бұғазына ислам республикасы тарапынан енді ешбір зымыран атылып, дрон ұшырылмайды. Десе де Тегеран америкалықтардың әрекетін жауапсыз қалдырып жатқан жоқ.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Шығанақтағы араб елдерінің әуе қорғаныс жүйелеріне кейінгі үш күннен бері тыным жоқ. Тегеран АҚШ әуе базаларын тағы да нысанаға алып, кейбірін тіпті дәл көздеді. Әсіресе Кувейтке қиын соғып тұр. Ол жақта күні кеше екі мәрте дабыл қағылды. Ресми мәліметтерге қарағанда, ел астанасына жақын Әли Әл Салам әуе базасы соққы астында қалған. Иран онымен шектелмей, екі мың шақырым жердегі Иорданияға да зымыран атты. Корольдіктің қорғаныс құрылымдары төртеуін бірдей қағып түсіргенімен, қалдықтары жеке сектор ғимаратына құлап, арты жарылысқа ұласты. Бірер күн бұрын америкалық қарулы күштер Хормуз бұғазын толық бақылауға алып, қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ететінін мәлімдеген еді. Алайда көп ұзамай су жолында жағдай қайта ушығып, ислам республикасы сақшылар корпусының бірнеше танкерге жойқын шабуыл жасағаны белгілі болды.
Оман және Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі 5 кеме отқа оранды. Экипаж мүшелерінің басым бөлігі құтқарылды. Алайда бір адам қаза тауып, сегізі жараланды. Әмірлік өкілдері үш теңізшіні әлі іздестіріп жатқанын айтып отыр. Осы орайда араб елдерінің ынтымақтастық кеңесі парсы мемлекеті тарапынан жасалған шабуылдарды айыптап, қақтығысты одан әрі ушықтырмауға шақырды. Атап айтқанда, Иордания және Кувейт пен Бахрейнге қарсы жаугершілік әрекеттерді тоқтатуды талап етті. Өйткені ресми мәлімет бойынша АҚШ шығанақтағы әскери базаларды пайдаланып жатқан жоқ. Дегенмен бұған қатысты Тегеранның әр кез өз уәжі барын айта кеткен жөн. Жалпы Иран төңірегіндегі шиеленіс күн өткен сайын үдеп, өңірдегі тағы бір дағдарысқа себеп бола бастады. Вашингтон мен Тегеранның бұған дейін жасасқан өзара түсіністік туралы меморандумы тіпті жайына қалғандай. Америкалық әскер су жолында ирандық порттар мен кемелерге толық бөгет қойды. Оны айналып өтуге талпынғандар әуе және су асты дрон соққыларына көптеп ұшырап жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Иран #Араб #АҚШPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz