RU
Толық нұсқаға өту

ЕО балалар үшін әлеуметтік желіні шектеуді көздейді

18.07.2026, 17:28 58

Еуропалық Одақта бүлдіршіндердің смартфонды пайдалануына тыйым салып, жеткіншектерге әлеуметтік желілерді шектеуі мүмкін.

Бастамаға бірінші кезекте технологиялық компаниялар қолдау көрсетуі тиіс. Еуропалық комиссия осындай ұсыныс білдірді. Алайда мәселе халық арасында қызу пікірталас тудырды. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Смартфондар мен гаджеттер бала санасына қауіпті және бұған ең алдымен алпауыт технологиялық компаниялар жауапты. Еурокомиссия басшысы осы мәселені жазғы демалыстан кейін Еуроодаққа мүше мемлекеттермен ақылдасып талқыламақшы.

Атап айтқанда бала қауіпсіздігі жөніндегі арнайы сарапшылар тобы ұсынған дәлелдер еуропалық саясаттың негізіне айналуы мүмкін. Оған сай сәбилер смартфондар мен цифрлық платформалардан аластатылып, 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні тек ересектердің бақылауымен және шектеулі уақытқа ғана қолдануға рұқсат беру көзделген.   

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық Комиссия Төрағасы:

- Бала достарымен асыр-салып ойнап, бітім-бейнесі онлайн емес, күнделікті өмірде қалыптасуы қажет. Бұл іске алгоритм мүлдем араласпауы тиіс.  Зерттеулер әлеуметтік желілердің қауіп төндіретінін айқындап отыр. Бұған қоса тәуелділік тудыратын басқа да платформалар бар.

Мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге бөлінген. Жасөспірімдер тыйымды әділетсіз әрі тиімсіз деп санайды. Себебі олар әлеуметтік желіге жасырын кірудің айла-тәсілі көп екенін алға тартады. Ата-аналары болса, шектеулерді қолдайды. Бірақ жауапкершілік тек отбасыларға емес, ең алдымен технологиялық компанияларға артылуы керек деп есептейді.

БЛИЦ:

- Менің ойымша, бұл нәтиже бермейді. Балалар шектеулерді айналып өтудің жолын бәрібір табады.

- Меніңше, егер бала әлеуметтік желіні достарымен сөйлесу үшін қолданса, оның пайдасы көп.

- Мен балалық шақ контент тұтынатын емес, жаңалыққа ұмтылып, дамитын кезең деп ойлаймын. Сондықтан оларға әлеуметтік желіні шектеген дұрыс.

Австралия әлемде алғаш болып, 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді шектеген мемлекет. Жаңа заңның қабылданғанына 7 ай өтті, бірақ әзірге нәтиже мардымсыз. Зерттеулерге қарағанда жасөспірімдер бұрынғыша телефонға телмірумен келеді. Өйткені тыйымды сырт айналып өтудің жолдары көп. Үкімет бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін заңға толықтырулар енгізбекші.

Аника Уэллс, Австралияның байланыс мәселелері жөніндегі министрі:

- Киберқауіпсіздік жөніндегі комиссардың өкілеттілігін кеңейтіп отырмыз. Енді ол ірі технологиялық компанияларды жан-жақты тексере алады. Сонымен қатар айыппұл көлемі 2 есе, яғни  99 миллион Австралия долларына дейін ұлғаяды. 

Келер жылдан бастап Ұлыбритания үкіметі де 16 жасқа толмаған балаларға TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформаларды пайдалануға тыйым салмақ. Тек хат алмасуға арналған WhatsApp секілді мессенджерлерді пайдалануға рұқсат беріледі. Ал 8 бен 12 жас аралығындағы балалар арасында ең танымал платформа Roblox-ты ойнауға қарсылық болмағанымен оның кейбір функциялары, мысалы, чат заңмен шектелуі мүмкін.

Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz