Еуропа үшін аптап ыстық енді күн райының қолайсыздығы ғана емес, экономикаға да қыруар шығын келтіретін құбылыс болуы мүмкін.
Мұны Блумберг басылымы жазды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, кәрі құрлықта сынап бағасы жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Сондықтан сарапшылар климаттың қолайсыздығына қазірден қамдану үшін жылына 80 млрд доллар қажет, дейді.
Еуропаны қақ жарып, солтүстік теңізге құйып жатқан Рейн өзені тартылып барады. Соның салдарынан Германияда жүк кемелері қатынай алмай жатыр. Бұл кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты. Мәселен, Роттердамнан Карлсруэға тасымал тоннасына 45 еуродан 60 еуроға дейін қымбаттады. Ал бұл су жолы арқылы астық, минералдар мен көмір және мұнай тасымалданады.
Венгрияда да бұрын-соңды болмаған ыстық, шекеден өтіп барады. Тіпті Хортобадь ұлттық саябағының батпақты алқаптары кеуіп жатыр. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген табиғи қорыққа Африкаға қоныс аударатын жыл құстары аялдайды. Сондықтан мамандар батпақты алқаптарға 2 млн текше метр су жіберуге мәжбүр болған.
Лайош Гал, Хортобадь ұлттық саябағының маманы:
- Аймақтағы жер асты суларының деңгейі бұрынғыдай емес. Биыл аптап ыстық ерте басталды. Көктемде жауын-шашын аз болды. Сондықтан батпақты жерлерге су жиналмады. Егер қолдан су жібермегенде, бұл аймақ толықтай кеуіп кетер еді.
Ал Польшада шаруалар жаз бойы баптаған егіннің өнімділігі биыл 10 пайызға төмендеуі мүмкін, дейді мамандар. Себебі аптап ыстықтан бидай алқаптары қурап жатыр. Ал бұл "ас атасының" қымбаттауына әкелуі ықтимал.
Фролик, шаруа:
- Биыл бидай бітік шықпай тұр. Қатты ыстықтан қурап барады. Қып-қызыл шығынға батуымыз мүмкін. Өйткені бидайдың сапасы дұрыс болмай тұр.
Кәрі құрлықтағы аптаптың экологияны былай қойғанда, экономикаға тиер салдары да ауыр болмақ. Өйткені ми қайнатар ыстықтан қызметкерлер тез шаршайды. Демек, жұмыс өнімділігі төмендейді. Тиісінше экономикалық өсім баяулайды. Қазірден қамданбаса, 2030 жылға қарай Гремания экономикасына 130 млрд доллар, Францияға 240 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін. Өйткені Еуропаның қалалары суық климатқа бейімделіп тұрғызылған. Ғимараттарды салғанда, қыста жылуды сақтауға мән берген. Ал салқындату жағы мүлде ескерілмепті.
Майк Кендон, Ұлыбританияның метеорологиялық қызметінің климат жөніндегі сарапшысы:
- Бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Біздегі инфрақұрылым, үйлер, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау жүйесі және басқа да салалар 20 ғасырдағы климатқа бейімделіп салынған. Ал қазір бізде бұрынғыдай күн райы жоқ. Сондықтан, климаттың өзгеруіне бейімделуіміз керек.
Мамандар тұрғындардың денсаулығы да сыр бере бастайды деп алаңдайды. Өйткені Еуропада биыл жазда 10 мыңнан аса адамның өліміне ыстық себеп болған. Қайтыс болғандардың көбі 65 жастан асқандар. Сондықтан қазірден қамданып, тұрғын үйлерді жаңғыртып, жасыл аймақтарды көбейту маңызды, дейді мамандар.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #аптап ыстық #Еуропа #экономика #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz