RU
Толық нұсқаға өту

Түркияда жаңа саяси күш қалыптасуы мүмкін

23.07.2026, 20:00 64

Түркияда ең көне оппозициялық партия ішінара бөлініп, елдің саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелгелі тұр. Бұған ұйымның бұрынғы төрағасының Парламент мінберіндегі мәлімдемесі түрткі болды.

Егер оның бастамасы қолдау тауып, жаңа құрылымды жақтаушылар қарасы артса, бұл елдегі оппозициялық күшке зор ықпал етпек. 

Түркияда ұзақ жылдар бойы билік партиясына балама күш саналып келген Республикалық халық партиясының орнын енді жаңа саяси ұйым басуы мүмкін. 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған бұл партияның құрамында бұрынғы Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұ мен Анкара мэрі Мансұр Яваш сынды елге танымал саясаткерлер бар.

Сондықтан ондағы өзгеріс елдің саяси өміріндегі тепе-теңдікке әсер етуі ықтимал. Ал бұл шешімге партияның бұрынғы төрағасы Өзгүр Өзелдің мәлімдемесі себеп болды. Ол жаңа саяси күш құратынын жариялап, пікірлес саясаткерлерді бірігуге шақырды. Іле-шала жақтастары Республикалық халық партиясынан шығатынын мәлімдеп, енді оның төңірегіне біраз депутат топтасуы мүмкін деген болжамдар айтылуда.

Өзгүр Өзел, Республикалық халық партиясының бұрынғы төрағасы:

- Елде үлкен өзгеріс күтіп тұр. Оны халқымызбен, депутаттармен бірге жүзеге асырамыз. Бұл – бас тарту емес, керісінше саясатқа жаңа деммен қайта оралу. Біз Түркияның болашағы үшін күресімізді жалғастырамыз.

Өзелдің мұндай шешім қабылдауына бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан саяси дағдарыс себеп болды.

Мамыр айында сот Республикалық халық партиясының 2023 жылғы кезектен тыс құрылтайын жарамсыз деп танып, Өзелдің төрағалық өкілеттігін заңсыз деп шешкен еді. Нәтижесінде партия тізгіні бұрынғы жетекші Кемал Кылычдароғлуға қайта берілді. Алайда Өзел бұл шешіммен келіспейтінін айтып, жаңа партия құратынын жариялады. Егер оның бастамасын қолдаушы депутаттар көбейсе жаңа саяси ұйым Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіндегі негізгі оппозициялық күшке айналуы мүмкін. Бірақ сарапшылар таяқтың екі ұшы барын алға тартып отыр. Бір жағынан, бұл қадам оппозицияға серпін беріп, билікке қарсы сайлаушыларды біріктіруі мүмкін. Алайда дәстүрлі оппозициялық күштің бөлінуі қазіргі билік үшін тиімді. Себебі 2028 жылғы президенттік сайлау алдында мұндай алауыздық билікке қарсы электораттың әлсіреуіне әкелуі ықтимал, - дейді.

Өзгүр Өзел, Республикалық халық партиясының бұрынғы төрағасы

- Жаңа партиямыз Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіндегі негізгі оппозициялық партияға айналатынына сенімдімін. Елде не болғанын, кімнің қандай ұстанымда екенін халық та, тарих та ұмытпайды. Сондықтан біз осы жолда күресті жалғастырамыз.

Жаңа партияның нақты атауы мен құрылымы әзірге белгісіз. Кейбір жергілікті басылымдарда жарияланған деректерге сүйенсек, оның құрамына 100-ге жуық депутат өтуі мүмкін. Сарапшылар бастама 2028 жылы өтетін президенттік және парламенттік сайлау алдындағы ең маңызды саяси өзгеріс болғалы тұрғанын айтады.

Авторы: Ә.Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz