Израиль Сириядағы елді мекендерді басып алмақ. Сириялық SANA ақпарат агенттігінің дерегіне сүйенсек, Кунейтра қаласының маңындағы ауылдарға израильдік сарбаздар баса көктеп кірген.
Тінту жүргізіп, тұрғындарды ұстаған. Дараа қаласының батыс бөлігінде, Самдания ауылдарында әскерилер торуылдап жүр. Кунейтра қаласы Сирияның оңтүстік-батысында, Голан жоталарында орналасқан. 1967-1973 жылғы соғыстар кезінде қирап, кейін қараусыз қалған.
Қазір бұл аймақты Біріккен Ұлттар Ұйымы бақылайды. Израиль мен Сирия шекарасындағы даулы жер. Кейінгі жағдайға қатысты тараптар әзірге ресми мәлімдеме берген жоқ. Алайда Сирияны уақытша басқарып отырған Ахмед әл-Шараа Израильмен соғысқысы келмейтінін, керісінше қауіпсіздік бойынша ортақ ымыраға келуге ниетті екенін айтады. Ал Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Сирия аумағына жасалған кез келген шабуыл халықаралық құқыққа қайшы әрекет деп мәлімдеді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Қазір Сирия өтпелі кезеңде. Дәл осындай сәтте біз бұл елге қолдау көрсетуге тиіспіз. Өйткені Сирия егемендігін алған, біртұтас мемлекет. Алайда Израиль тарапынан жасалып келе жатқан үздіксіз шабуылдар елдің тыныштығына қатер төндіреді. Сонау 1974 жылдан бері жалғасып келе жатқан шабуылдарды қатаң айыптаймын. Голан жоталары Сирияның шекарасына кіреді. Бірақ Кунейтра тұрғындары талай жылдан бері өз жерінде сыртқы күштердің әсерінен қысымға ұшырап келеді.
Тегтер #Израиль #әскер #Сирия #тінтуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz